Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев тілшілердің «Қазақстанға қарағанда Өзбекстанда нан не себепті арзан?» деген сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Paryz.kz Кazinform-ға сілтеме жасап.
«Біз елімізде бидай өсіріп, ауқымды көлемде ұн өндіріп отырмыз. Сонымен қатар осы ұнды Өзбекстанға жеткізіп жатырмыз. Бірақ көрші елде нан бізге қарағанда арзан», – деді журналистер.
Өз кезегінде Қайрат Төребаев әр кәсіпорында өзінің экономикалық негіздемесі бар екенін айтты.
«Біз қандай да бір өнімді шығарған кезде, ел ішіндегі барлық шығындар ескеріледі. Осы ретте электр энергиясы, салықтар қамтылады. Сондықтан бұл сұрақ бойынша Өзбекстан және Қазақстан наубайханалары қандай шығынға тап болып жатқанын нақты қарау керек.
Екіншіден, нақты бір өнімді тең дәрежеде бірдей салыстырған жөн. Яғни Қазақстандағы нанның Өзбекстандағы өнімге қарағанда сапасы жағынан бірдей ме? Сондықтан, бұл сұрақ күрделі», – деді вице-министр Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Бұл тұрғыда министрлік өкілі аталған мәселе бойынша енді тиісті зерттеу жасап, нақты статистиканы шығару керек екенін айтты.