"Жолаушылар тасымалы" еншілес ұйымы жолаушыларды тасымалдау жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар кешені аясында жылжымалы құрам паркін жаңартуды және қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізуді қарастыруда.
"Қазақстан Темір Жолы" АҚ 2021 жылдың 1 наурызынан бастап облысаралық және қала маңындағы қатынастарда әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша темір жол билеттерінің құнын 7%-ға арттырады, деп хабарлады paryz.kz, компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялауға арналған шарттарға сәйкес, 2021 жылғы 1 наурыздан бастап облысаралық және қала маңы қатынастарындағы барлық әлеуметтік маңызы бар маршруттарға теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдау құнын 7%-ға жоспарлы индекстеу көзделеді", - деп атап өтті ҚТЖ.
Компаниядан атап өткендей, "Жолаушылар тасымалы" еншілес ұйымы жолаушыларды тасымалдау жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар кешені аясында жылжымалы құрам паркін жаңартуды және қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізуді қарастыруда. Атап айтқанда, 2018-2020 жылдар аралығында 159 вагон сатып алынды.
Соның арқасында Алматы - Маңғыстау, Нұр-Сұлтан - Сарыағаш, Атырау - Нұр-Сұлтан, Атырау - Алматы, Нұр-Сұлтан - Арқалық, Атырау - Маңғыстау, Алматы - Жезқазған, Нұр-Сұлтан - Семей бағыттары бойынша жолаушылар пойыздарының құрамы жаңартылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың I тоқсанында Алматы - Маңғыстау, Қызылорда - Семей, Алматы - Өскемен, Нұр-Сұлтан - Семей бағыттары үшін 50 жаңа вагон жеткізіледі деп күтілуде.