Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Қызылордада «Анаға тағзым» орталығы жұмысын бастады

Бүгін Қызылорда облысының 85 жылдығы аясында «Анаға тағзым» орталығы ел игілігіне табысталды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қызылордада «Анаға тағзым» орталығы жұмысын бастады
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінен

Рәсімде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін құттықтады.

«Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты қағидасы бүгін де мәнін жоғалтқан жоқ. Кезінде Социалистік Еңбек Ері атанған 12 ақ жаулықты аналарымыз шыққан біздің киелі өңірде қажырлы еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген олардың ізбасарлары да жетерлік. Алдағы уақытта осы ғимаратта өткенге құрмет көрсетіліп, ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз насихатталады», – деді аймақ басшысы.

Аналарымыздың құрметіне бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы аймақ жұртшылығына атымтай жомарттығымен танымал, белгілі кәсіпкер Дүйсенбаев Марат Базарбайұлының 1,7 млрд. теңге демеушілігімен салынды. Өңір басшысы меценатқа Сыр жұртшылығы атынан алғыс айтып, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады. Іс-шарада ғимарат құрылысын жүргізген компания қызметкерлері де алғысқа бөленді.

 Еңбек ардагерлері Дайрабай Ысқақов, Алма Бақтиярова, Әзия Қыстаубаева жерлестерін жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, Т. Жүргенов қорының төрағасы Сәпен Аңсат бата берді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – креативті индустрияны жан-жақты дамытуды жүктеді. Президент тапсырмасына сәйкес «Анаға тағзым» орталығы ғимаратынан «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» жұмысын бастайды. Қолынан іс келетін, жаңаша ұлттық брендтерді ойлап тауып, экспорт дамуына үлес қосатын жерлестерімізді бір жерге шоғырландырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да жағдай жасалмақ. Мұнан бөлек, ғимаратта «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Ана тілі» дебат клубы құрылды.