Онлайн концерт: Димашты әлемнің жүзден астам еліндегі жанкүйерлері тыңдады

Dimashnews.com порталының жазуынша, қазақ әншісі 6 тілде, атап айтқанда қазақ, итальян, француз, қытай, ағылшын және орыс тілдерінде ән салды.

Онлайн концерт: Димашты әлемнің жүзден астам еліндегі жанкүйерлері тыңдады
фото: ашық дереккөз

Есімі бүкіл әлемге танымал қазақ әншісі Димаш Құдайберген TIXR америкалық стриминг-платформасында онлайн концерт берді. Концерттен шолуды ҚазАқпарат жазды, деп хабарлады paryz.kz.

DIMASH DIGITAL SHOW – Димаштың коронавирус пандемиясы басталған сәттен бергі алғашқы жаһандық өнер көрсетуі болды. Аталған концертке дайындық жүріп жатқаны туралы өткен жылдың желтоқсан айының басында айтылды. Бұл жайында әншінің өзі де әлеуметтік желіде жиі жазып, сүйікті жұлдыздарының өнерін сағынған жанкүйерлер де үнемі мәліметтермен бөлісіп отырды.

Көрсетілім ақылы болды. Билет сатудан түскен қаражаттың бір бөлігін ұйымдастырушылар қайырылымдылыққа бермек.

"Dears, сіздерге концерт ұнады деп үміттенемін! Жеке өзім және менің тобым сіздердің алған әсерлеріңізді білуге дайын!" деп жазды Димаш Құдайберген Instagram-дағы парақшасына.

Димаштың Еуразиялық фанклубы ұсынған ақпаратқа сәйкес, әнші 19 композициядан тұратын бағдарлама ұсынды. Оның ішінде "Olimpico", "Give me your love", "S.O.S", "War and Peace", "Любовь уставших лебедей", "Махаббат бер маған", "Қарағым-ай", "Қайран елім", "Screaming" сынды әндер бар.

Сонымен қатар ол "Өмір өтер" (Р.Ғайсин/Т.Арынғали), "Киелі мекен" (Е.Құдайберген/Қ.Айтбаев), "Be with me" (Д.Құдайберген/Д.Аракелян, Д.Шамуратов) сынды жаңа әндерді де тыңдарман назарына ұсынды.

Dimashnews.com порталының жазуынша, қазақ әншісі 6 тілде, атап айтқанда қазақ, итальян, француз, қытай, ағылшын және орыс тілдерінде ән салды.

Онлайн форматта өткен концерт әншінің бүкіл әлемдегі жанкүйерлеріне үйде отырып-ақ оның өнерін тамашалауға мүмкіндік берді.

"Менің алғашқы онлайн концертімді тамашалап, қолдау көрсеткен барлығыңызға үлкен алғысымды білдіремін. Пандемия бізді ұзақ уақыт ажыратқаны өте өкінішті. Сондықтан да бүгін сіздердің алдарыңызға өнер көрсететіндігіме қуаныштымын. Сіздерді көрмесем де жан жүрегіммен маған үнемі шабыт беретін, жаңа биіктерді бағындыруға құлшындыратын қолдауларыңыз бен энергетикаларыңызды сезіндім. Сіздер бүгінгі шоудан толыққанды ләззат алдыңыздар деп ойлаймын. Таяу арада сіздермен кездесетіндігіме сенімдімін", - деді концерт барысында Димаш.