Алматыда қарияны ұрған жасөспірімдер қылмыстық жауаптан босатылды

Алматыда қарияны соққыға жыққан жасөспірім мен оның досына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Paryz.kz.  

Алматыда қарияны ұрған жасөспірімдер қылмыстық жауаптан босатылды
Фото: inform. kz

Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен бұзақылық жасау фактісі бойынша азаматтар Ж. және А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармақшасы).

Соттың мәліметінше, биыл шілде айында екі жасөспірім көшеде келе жатып, мас күйінде жатқан азамат Щ.-ны байқап, оны аяғынан ақырын итеріп оята бастаған. Бұған жауап ретінде кәмелетке толмағандар Щ.-дан балағат сөздер естіген.

«Кәмелетке толмағандардың бірі естігеніне төзгісі келмей, өзінің артықшылығын көрсеткісі келіп, жәбірленушінің бетінен бірнеше рет соққан.

Екінші айыпталушы оқиғаны смартфонына түсіріп, Ж.-ны жәбірленушіге дене жарақатын салуға бағытталған әрекеттерді жасауға итермелеген, келеке қылып, мысқыл сөздер айтқан», - делінген мәліметте.

Осыдан соң түсірілген видеоны Instagram әлеуметтік желісіне салған.

Сарапшының қорытындысы бойынша жәбірленуші Щ.-ның денсаулығына жеңіл зиян келтірілген. Сотта жасөспірімдер өз кінәсін толық мойындап, жасаған істеріне өкініп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Олардың ата-аналары жәбірленушіге келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеді. Өз кезегінде Щ. айыпталушылармен татуласқанын айтып, оларға ешқандай шағымы жоқ екенін, осыған байланысты оларды қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.

"Ол кәмелетке толмағандарды кешірді, себебі, олардың заңды өкілдері оған келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеді. Осыған байланысты сот ҚК 68-бабының 1-бөлігі негізінде кәмелетке толмаған сотталушыларды қылмыстық жауапкершіліктен босатты, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты. Сот шешімі заңды күшіне енді", - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен.