Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Гормолзавод» сүт зауыты тұтынушыларды жаңа өнімдерімен қуантпақ

Көкшетаудағы  «Гормолзавод»  серіктестігі тұтынушыларын енді жаңа өнімдерімен қуантпақ. Әсіресе балмұздағымен танымал бұл кәсіпорын тек жергілікті жерде ғана емес, еліміздің өзге де аймақтары үшін  ең жоғары сұранысқа ие.  Бүгінде 120  түрлі  сүт өнімін шығаратын мекеме алдағы уақытта дүкен сөрелеріне шоколодтағы қоспа мен ысталған құрт ұсынбақ, деп хабарлайды Paryz.kz

«Гормолзавод» сүт зауыты тұтынушыларды жаңа өнімдерімен қуантпақ
фотолар: Айгүл Мырзағалиқызы

Кәсіпорын тарихы 1965 жылдан бастау алады. «90-жылдары әкем Дулат Жақсылықов аға инженер болып қызмет атқарды. Сол шақтар өте қиын еді. Ақша жоқ. Десе де біз зауытты сақтап қалдық. 2004 жылы әкем қайтыс болды. Ағам Асен серіктестікті басқаруды өз қолына алды. Біздің ең бір өрлеген дәуіріміз 2008 жылы басталды. Балмұздақтың түрлі дәмдерін шығара бастадық. Оған дейін сатылымда тек сүтті және шоколадтты түрлері ғана болатын. Кейін мемлекет қолдау көрсетіп, қазір кәсіпорнымыз алға ілгерілеп келеді»,-дейді серіктестіктің қазіргі директоры Ерсайын Жақсылықов. 

Алдыңғы жылы кәсіпорын екінші цех салған. Өндіруші өз өнімдерін инновациялық итальяндық жабдықтармен заманауи қаптамада шығарады. Жазда кәсіпорын тәулігіне 18 тоннаға дейін балмұздақ дайындайды. Серіктестікте қысы-жазы орта есеппен екі жүздей қызметкер еңбек етеді.

Өткен жылдың күзінде «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналым қаражатын жылына 19,5%-бен толықтыру мақсатында «Халық банкінен» қаржы алды.  «Даму» Қоры «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсынды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында кәсіпорын несиені жылына 6%-бен ғана төлейді, айырмасын мемлекет субсидиялайды. Жеңілдетілген қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламаларының арқасында кәсіпорын өндіріс жабдықтарын жаңғыртып, шығарылатын өнімнің сапасы мен ассортиментін арттыра алды.

Алдағы уақытта сүт, айран, сүзбе, сары май, балқытылған шұжық ірімшігі, құрт, қоспа  сияқты дәстүрлі сүт өнімдерінен бөлек енді  әр түрлі дәмі бар йогурт және қарлы жеміс кесегі  өндіріледі. 

Кәсіпорынның келешекке  жоспары көп. Компания өзінің отбасылық балмұздақ желілерін автоматтандыруды жоспарлап отыр - жақын арада бір шелектегі тәтті дәмдердің ассортиментін сатып алуға болады. Сондай-ақ болашақта ірімшіктің сан түрін шығару көзделген.

Бұдан бөлек, серіктестік басшысы Ерсайын Жақсылықовтың айтуынша, қазіргі таңда 1200 басқа арналған тауарлы-cүт фермасын құру жоспарланған. Алғашында бір тәулікте 24 тонна сүт сауылса, кейін ол көрсеткіш 30 тоннаға дейін жеткізілмек. Жобаға  450 млн теңге жұмсалады. «Қаржылай қолдау үшін «Даму» қорына жүгінеміз, олар бізді әрдайым қолдап, демеу білдіріп отырады», - дейді серіктестік директоры. 

Бүгінде компанияның Астанада 8 дүңгіршегі бар. Айдың соңына дейін  олардың қатары тағы екі дүңгіршекке  ұлғайтылмақ. Сонымен қатар, компания басшысы шет елдік нарықты да бағындыру жоспарда бар екенін айтады.

Айта кетейік, Ақмола облысында «Гормолзавод» серіктестігі сияқты мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпорындар көп. Мысалы, бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бастап өңір  кәсіпкерлерінің несие сомасы 272,58 млрд теңге болатын 3809 жобасы субсидияланып, 1892 жобасы 25 млрд теңгелік кепілдік алған. Мұндағы жалпы несие сомасы 50 млрд теңгені құрайды. 

Республикалық маңызы бар қалаларды және облыс орталықтарын қоспағанда, елді мекендерде, оның ішінде моно және шағын қалаларда, ауылдық жерлердегі экономиканың басым секторларының тізбесіне жататын бизнес-жобаларды жүзеге асыру кезінде жоба сомасы бір кәсіпкер үшін 3 млрд теңгеден аспайды. Айналым қаражатын толықтыруға бағытталған кредит немесе микрокредиттерді субсидиялау мерзімі субсидиялау мерзімін ұзарту құқығынсыз 3  жылды құрайды.  

 

Автор: Айгүл Мырзағалиқызы