Түркістанда мемлекеттік мекемеде сағатына 50 000 теңге төлеп той өткізуге болады, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Түркістандағы «Конгресс холл» көпфункционалды кешеніндегі залда жеке адамдар той өткізіп жатыр. Сондай-ақ мемлекеттік мекемеде караокеде ән айтып, бильярд ойнауға болады.
Екі күн бұрын Айка Айтаханова есімді түркістандық белсенді әлеуметтік желіде «Конгресс холл» кешені туралы жазба жариялап, онда өтіп жатқан той мен бильярд ойнап жатқандардың видеосын жариялады. Жазбаға түрлі бағытта пікір жазып жатқандар көп. Бір тарап «мемлекеттік мекемеге той жасай беретін болған ба?!» деп таңданысын білдірсе, екінші тараптың пікірі бос тұрған ғимаратты жалға беріп қаржы табу керек дегенге саяды. Ал «Конгресс холл» көпфункционалды кешен директоры не дейді? Шындығында мемлекеттік мекемеге жеке адамдар той өткізуіне бола ма?
«2020 жылы «Конгресс холл» көпфункционалды кешені қолданысқа берілді. Аты айтып тұрғындай, кешен көпфункционалды. 1000 орындық концерт өткізетін залдан бөлек, түрлі бағыттарда жұмыс істейтін мүмкіншіліктері бар. Би залдары, дыбыс жазу студиясы, галерея, балалардың ойын-сауық орталығы жұмыс істейді. Одан бөлек, ғимараттың ішінде үлкен зал орналасқан. Жарғымыз бекітілген, мемлекеттік тіркеуден өткен. Сол жарғының 3 бабы, 8 тармағында «Қызметтік ғимараттарды және оларға жақын жатқан аумақты пайдалануды жүзеге асыруды, оның ішінде оларды жалға беруге мүмкіншілігі бар», - деп жазылған. Яғни, «Конгресс холл» көпсалалы кешені – қазыналы коммуналдық кәсіпорын. Шаруашылық жүргізу құқығына ие. Сол себепті біз қаражат табуымыз қажет» - дейді «Конгресс холл» көпфункционалды кешен директоры Ғалымжан Ерназаров.
Сондай-ақ мекеме басшысы кешендегі залды жалға алу құны 1 сағатына 50 000 теңге екендігін айтты. Жалға алушы той өткізе ме әлде интеллектуалды ойын ұйымдастыра ма, маңызды емес. Тек әрбір сағатына 50 000 теңге төлеуі қажет.
«Аптасына 2-3 рет той болады, 200 адамнан келеді, 300 млн-дай ақша табады» деп, жалған мәлімет тартуға болмайды. Біздің негізгі бюджетіміздің өзі 300 млн-ға жетпейді. Иә, мейрамхана жұмыс істейді. Ол заңды, заң жүзінде жұмыс істеп жатырмыз деп білемін. Бұл тек той үшін ғана салынған ғимарат емес. Мұнда көптеген іс-шара өтіп жатыр. Басқарма тарапынан бекітіліп берген баға бар. Біз сол бойынша жұмыс істейміз» - деді ол.
Сондай-ақ мекеме басшысы желіге жарияланған кейбір видеолар 1 жыл бұрын түсірілгенін мәлімдеді.
«Бірінші қабатта кішігірім мейрамхана болған. Облыстық қаржы және мемлекеттік архивтер басқармасының өткізген конкурсы арқылы жеке кәсіпкер жалға алып жұмыс атқарған. Дегенмен мамыр айынан бастап өз жұмысын тоқтатты. Қазір ойын-сауық орталықтары, караоке жоқ. Желіде көрсетілген видеолар бір жыл бұрынғы. Бильярд үстеліне келер болсақ, осындағы әнші жігіт түзу жерге өз билярд столын қойып, матасын ауыстырып алуға орынбасарыма өтініш жасаған екен. Сенбі күні сол жұмыс атқарылған. Қазір түсініктемелерін алып, ескерту жасалды. Алдағы уақытта мұндай жағдай мүлдем болмайды. Ал, жалпы бильярд столы мекемеде қойылмаған. Мекеме қызметкерлеріне түскі демалыс кездерінде ойнауға тек үстел теннисі ғана бар», - деді мекеме басшысы.