Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Мас күйде рульге отырған Ақтөбе депутаты сот отырысына тағы келмей қалды

Ақтөбе сотында қалалық депутат Сәния Мұратоваға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 596-бабы 3-бөлігімен қозғалған іс қаралды. Шешім сырттай шығарылып, ол жүргізуші куәлігінен 6 айға айырылды, деп хабарлайды Paryz

Мас күйде рульге отырған Ақтөбе депутаты сот отырысына тағы келмей қалды
Фото: inform. kz

Жауапкер Сания Мұратова соттың болатын күнін, уақытын біле тұра сот отырысына қатыспады. Дегенмен, Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс қаралып, судья Д.Хамиев сырттай шешім шығарды.

Қала мәслихатының депутаты Сәния Мұратоваға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» (596-бап) және «Көлік құралын мас күйінде жүргізу» (608-бап) баптары бойынша хаттамалар толтырылған болатын.

Бүгінгі сот отырысында депутаттың 596-баптың 3-бөлігінде көрсетілген құқықбұзушылығы қаралды. Онда С.Мұратованың жол ережесін бұзғанын құжатқа түсіріп, хаттама толтырған полиция қызметкері мән-жайды айтып берді.

«Биыл 5 қыркүйек күні сағат 7:00 шамасында азаматша Мұратова Сания Бұлқайырқызы Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова мен Сәңкібай батыр даңғылдарының қиылысында Lexus көлігімен 6 жолақты жол белгісі бар жолда қарсы бағытқа шығып кетті. Және «тұтас екі сызықты» басып өтті. Сол жерде хаттама толтырылды. Хаттамамен келісіп, келіспейтінін сұрадық. Ол толық келісетінін айтты және өзі қол қойды», –деді Ақтөбе қаласы патрульдік полиция батальонының инспекторы Нұржас Мүсіреп.

Сот шешімімен депутат бірнеше ай көлік руліне отыра алмайтын болды. 

«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 596-бабы 3-бөлігінде көрсетілген құқықбұзушылық жасағаны үшін оған 6 ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қолданылады», – деді судья.