Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

«Ленинді қайтарыңдар!»: ШҚО-да қирап қалған ескерткіш маңына жазу жазған адам іздестірілуде

Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласында Ленин ескерткішінің маңына жазу жазып кеткен адамды полиция іздестіруде, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ленинді қайтарыңдар!»: ШҚО-да қирап қалған ескерткіш маңына жазу жазған адам іздестірілуде
фото: noks.kz

Тамыз айының ортасында Алтай қаласында жөнделіп жатқан Ленин ескерткіші қирап қалған болатын. Осыған байланысты полицияның тергеу жүргізіп жатқаны хабарланған.

Кешелі бері әлеуметтік желіде белгісіз біреудің Ленин ескерткіші тұрған қоршаудың сыртына «Ленинді қайтарыңдар!» деп жазған жазуының фотосуреті тарады.

Осы ретте, ШҚО Полиция департаменті вандалдың іздестіріліп жатқанын хабарлады.

«4 қыркүйек күні белгісіз адамның Ленин ескерткішін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан қоршауға қызыл бояумен жазба түсіргені туралы хабар келіп түсті. Қазіргі уақытта оның кім екенін анықтау шаралары жүргізілуде. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (ұсақ бұзақылық үшін, яғни қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны, жеке тұлғаларды қорлап қорлағаны, ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдалану орындарын, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті қорлағаны және басқаларды құрметтемеуді білдіретін басқа да осындай әрекеттер үшін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын адамдар) бойынша әкімшілік іс қозғалды», - делінген ақпаратта.

Аталған бап бойынша кінәлі адам 20 АЕК мөлшерінде (69 мың теңге) айыппұл төлеп немесе бестен он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін.