Шымкенттегі теннис орталығынан құны 1 млн теңгеден асатын техниканы ұрлаған жас жігіт ұсталды, деп хабарлады Paryz.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұрланған ноутбуктер мен смартфондар Астанадан Шымкентке теннис турнирін ұйымдастыруға келген комиссия мүшелеріне тиесілі болған.
Бейнекамералардағы жазбаларды қарау кезінде күдіктінің теннис орталығына емін-еркін кіргені, ашық тұрған бөлмеден қымбат техниканы қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды.
Күдіктінің бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған 27 жастағы қала тұрғыны екені анықталды. Оның тағы 7 ұрлыққа қатысы бар болып шықты.
Жас жігіт тағы бір ұрланған смартфонды кездейсоқ сатып алушыларға өткізіп жатқанда ұсталды. Ол бір айда 4 ұялы телефонды, ноутбук пен 2 ойын приставкасын ұрлаған. Залал сомасы 2 млн теңгеден асады. Қымбат заттар емдеу орталығы, интернет-клуб және стоматология, шаштараздан ұрланған, - деп жазылған хабарламада.
Ұсталған ер адам қамауға алынды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.