Түркияда көлік апаты салдарынан Қазақстан азаматы мен баласы қайтыс болды. Бұл туралы желі қолданушысы Жасұлан Бейсембаев Facebook-тегі парақшасына жазды, деп хабарлады Paryz.kz.
Белгілі журналист, «Зейін Атырау» ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан Антальядағы ірі жол апатына түсіп, өмірден өтті. Әріптесімізбен бірге оның кішкентай сәбиі де о дүниелік болды. Жолдасы қиын жағдайда ауруханада жатыр, - деді Жасұлан Бейсембаев.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанның Түркиядағы елшілігімен арада келісімдер жүріп жатыр.
Ауруханада қиын жағдайда жатқан бауырымыздың тиісті ем алуына жағдай жасалуда. Жерлестеріміздің сүйегін елге алдырту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамын, - деді ол.
Қайғылы жағдайға қатысты Сыртқы істер министрлігі тарапынан әзірге түсінік берілген жоқ.