Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері өмірден өтті

Алматыда әйгілі 316-шы Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері, Екінші дүниежүзілік соғысының ғасыр жасаған ардагері Қайырлы Жонқабаев өмірден өтті. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері өмірден өтті
Фото: inform. kz

Қайырлы Уатайұлы Жонқабаев 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынды.

Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болған, Белоруссия, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан. 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, жеңісті Дрезденде қарсы алды.

Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық лауазымдарында болған. 1970 - 1983 ж.ж. Алматыдағы общепит жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», және ІІ дәрежелі «Отан соғысының» орденімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

«Қарт жауынгер бүгін жер қойнына берілді. Алматы маңындағы Боралдай зиратында жатқан бәйбішесінің қасынан мәңгілік орын алды. Атаны соңғы сапарға шығарып салушылар арасында Ұлттық ұлан қолбасшылығы мен ардагерлері болды. Қаралы митингіде Қайырлы Уатайұлының туыстары атаға әрдайым көрсетіп келген сый-құрметтері және жерлеу рәсімін ұйымдастырғаны үшін әскерилерге алғыс білдірді», - деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.