Елордалық полицейлер бопсалаумен айналысқандарды анықтады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Астана қаласы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел iздестiру iс-шараларын жүргізу барысында қыздардан интимдік суреттерін жария етпеу үшін ақша бопсалаған топтың ізіне түсті.
Тергеу барысында белгілі болғаны, аталған құқық бұзушылар қыздармен Instagram және Telegram әлеуметтік желілерінде танымал ресейлік блогердің атынан фейк аккаунт арқылы танысқан.
Ұзақ хат алмасу арқылы олар қыздардың сеніміне кіріп, содан кейін интим фотосурет алмасуды ұсынған.
Сөйтіп компроматты фотосуреттерді қысым жасау құралы ретінде пайдаланып, беделін түсіретін ақпаратты жария етеміз деп қорқытып, ақша талап ете бастаған.
Бұған қоса, сенімге кірген олар белгі қойып, аккаунтты жылжыту және басқа да қызметтерді көрсету үшін Instagram әлеуметтік желісіне тіркелуді ұсынған.
Қазіргі уақытта күдіктілеге қатысты ақпараттық жүйені пайдаланушыларды алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы бопсалау және алаяқтық бойынша 40 факті анықталды.
Қылмыстық Кодекстің 190 және 194 баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілмейді.