Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін көтеріледі

Келесі жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдауында мәлімдеді.

Ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін көтеріледі
фото: Sputnik / Абзал Калиев

"Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.

 

Айтуынша, бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Президент үкіметке еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуді тапсырды.

"Жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды. Оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты", - деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.