Жамбыл облысының полицейлері ауласында 1 тоннадан астам есірткі өсірген азаматты анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері ҚР ІІМ ЕҚҚІҚБ қызметкерлерімен, Жамбыл ауданының прокуратурасымен және ҚР ҰҚК «Бүркіт» АББ, ҚР ҰҰ 5513 ә/б қызметкерлерімен бірлесіп, ҚР ҚМ-нің «БПЛА» пилотсыз ұшатын аппараттарын пайдалана отырып, «Қарасора – 2023» жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысындағы жедел ақпараттарды іске асыру кезінде Жамбыл ауданы Бесжылдық ауылының 39 жастағы тұрғынының тұрғылықты жері бойынша тінту жұмыстарын жүргізді.
Аумақты және қосалқы шаруашылық құрылыстарын тексеру барысында каннабис өсімдіктері табылып, тәркіленді. Күдікті осындай 1396 түп бұта егіп, өсірген.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар жалпы салмағы 1 тонна 718 келі 980 грамм кептірілмеген марихуана.
Ұсталған азамат кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
«Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР КҚ-нің 300-бабы 2-бөлігі (Егу немесе өсіру тыйым салынған өсімдіктерді немесе құрамында есірткі заттары бар қарасора, көкнәр немесе басқа да сорттағы өсімдіктерді өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Осы баптың санкциясы үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», – деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.