Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Ермахан Ибраимов митингке шыққандарға қарсы ұмтылғанын жуып-шаюда

"Митинг кезінде наразылық білдірген халыққа күш көрсету мақсатында емес, сабырға шақыру үшін барған болатынмын..." - дейді ол.

Ермахан Ибраимов митингке шыққандарға қарсы ұмтылғанын жуып-шаюда
фото: ашық дереккөз

Белгілі боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов Instagram парақшасында сайлау қарсаңында митингіге шыққан халыққа қарсы дауыс көтергенін жуып-шайып, ақталып отыр, деп жазды paryz.kz.

"Құрметті, отандастар! Осы уақытқа дейін мен халқыммен бірге болдым және әлі де бірге болатынымды айтқым келеді. Митинг кезінде наразылық білдірген халыққа күш көрсету мақсатында емес, сабырға шақыру үшін барған болатынмын. Бірақ, қарсы топтардың белсенділері маған кері пікір білдіріп, менің жеке намысыма тиетін сөздер айтып жатқасын, жақындап барып, бәрін түсіндірмекші болдым. Сол тұста қарсы топтардың арандатушылары мені кадрға алып, түрлі бағытта ақпараттар таратып жіберген болатын. Иә, әлеуметтік желілерде суретім мен видео тарап кетіп, маған кері пікірлер айтылуда. Оның бәрін сыни тұрғыда қабылдаймын", - дейді ол.

Сондай-ақ, боксшы өзінің сайлауға сол қарапайым халық үшін қатысқанын, өзін төбесіне көтеріп, құрметтеген халыққа қарсы шығу ойында да болмағанын айтып сендіруге тырысты.

"Сондықтан, қадірлі қазақ елі, митинг кезінде болған жағдайды қысқаша осылай түсіндіргім келеді. Барлығы алда. Ел мүддесі үшін алда әлі де игілікті істерді атқаратын боламын", - дейді Ермахан Ибраимов.

Еске сала кетсек, 10 қаңтарда Алматыда Мәжіліс сайлауына бойкот жариялап, митингке шыққан бір топ белсендіні полиция Тәуелсіздік алаңындағы ескерткішке қарай жібермей, қоршап тұрған-ды. Сол сәтте құзырлы орган өкілдерімен қатар, Ермахан Ибраимов та жұртты тарауға шақырды. Алайда шерушілер оның сөзін естіртпей, "Ермахан Ибраимов, биліктің сойылын соққан қарабет!" деп айқайлады. Сол сөздерден кейін митингшілерге қарсы ұмтылған боксшыны әлдекімдер ұстап қалған еді.