Жетісу облысында құрылысшылар құрметтелді

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында құрылыс қарқыны жоғары. Зәулім ғимараттар бой көтеріп, жаңадан шағын аудандар салынуда, деп хабарлайды Paryz.kz.

Жетісу облысында құрылысшылар құрметтелді
Фото: ашық дереккөз

Коттеджді қалашық, Салтанат сарайы, драма театры, орталық бассейн, Жастар саябағы, Қаратал өзенінің жағажайы сынды нысандар қала көркіне айналды. Әсіресе, көпқабатты үйлер көптеп пайдалануға беріліп, тұрғындар баспаналы болуда. 

Қазіргі таңда Талдықорған қаласында 15 мың адам үй кезегінде тұр. Олардың санын екі есе азайту үшін үшін жылына кемінде 1500-2000 шаршы метр үй пайдалануға берілуі тиіс. Мысалы Талдықорғанда жыл басынан бері 280 адам баспаналы болса, жыл аяғына дейін 1700 адам пәтер алады. Демек, осы жылдың соңына дейін 51 үй пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, қаладағы жолдардың сапасы жақсарып, шаһар сыртында орналасқан саяжайлардың ішіне де асфальт төселіп жатыр. Алмалы, Ащыбұлақ, Үйтас, Қызылтас, Мерекелік сынды саяжайларды газбен толық қамту жұмыстары да жалғасуда. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл күн сайын қаладағы құрылыс нысандарын аралап, тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асуда. Кеткен кемшілектерді ретке келтіріп, басты назарды сапаға аударуды тапсырды. 

Күні кеше Ернат Дүйсенбекұлы құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аталмыш маман иелерінің құрметіне орай  салтанатты шара өтті. Құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтаған қала әкімі облыс орталығында құрылыс қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. Осы игілікті істерде қарапайым еңбек адамдарының еңбегі зор екеніне назар аударды.

Талдықорғанда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды, сәулетті ғимараттарды көргенде өңіріміздің өркендеп келе жатқанына куә боламыз. Құрыш қолды құрылысшыларды, сәулетшілерді, осы салада тер төгіп жүрген барша азаматтарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, еңбекте табыс, жаңа жетістіктер тілеймін, – деді қала әкімі.

Салтанаты жарасқан жиында құрылыс саласында жемісті еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі үшін бірқатар азаматтар қала әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. 

Мамандардың мерейін тасытқан мерекелік шараға 30-дан аса мердігер компанияның қызметкерлері қатысып, концерттік бағдарлама тамашалады. 

Автор: Мәулен Әнербай