ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тәрбие, идеологиялық және кадрлық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Ерік Беріков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте суицид жайлы айтты, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Брифинг барысында Ерік Беріковке Жамбыл облысы «Шөлдала» бекетінде сарбаз өлімінен кейін шекарадағы басшылық құрамнан кімдер жауапқа тартылғаны жөнінде сұрақ қойылды.
«Бұл дерек бойынша тергеу амалдары аяқталып, Шымкент гарнизоны бойынша әскери сотқа материалдар жіберілді. Қазір заң талаптарына сәйкес, тергеп-тексеру материалдарын жариялай алмаймын», – деді Беріков.
Оның айтуынша, бұл оқиғадан кейін 5 адам қызметінен босатылған.
«Атқарып жатқан лауазымынан облыстық департаменттің басшысы, шекара басқармасының басшысы, застава басшысы, сондай-ақ тәрбие ісі жөніндегі жауапты орынбасарлары босатылды», – деді Ерік Беріков.
Ол Шекара қызметінде суицидке барудың себептері қандай екенін айтты.
«Мен Шекара қызметінде суицидке жеткізу деректері көп деп айта алмаймын. Себептер әртүрлі болады, бұл - бұл отбасылық, тұрмыстық, психологиялық факторлар. Тиісінше, мен айтқанымдай, ойынға тәуелділік бар. Әскери қызметшілер қарызға белшесінен батып, осындай шешім қабылдағандар болды. Біздегі «Өміріңді сақта» бағдарламасы аясында Қарулы және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілері арасында суицид жасамау бойынша іс-шаралар жүзеге асырылады», - деді ол.
Ерік Беріков атағандай, әскерде әлімжеттік жоқ.
«Шекара қызметінде әлімжеттік жоқ. Біздің әскери қызметшілеріміз бір жыл ғана қызмет етеді. Тиісінше, жұмыстан шығарылған кезде келесі шақырту келеді, олар мүлдем кездеспейді. Сондықтан біздің әскерде әлімжеттік жоқ», - деді ол.
Еске салсақ, Бас әскери прокуратура 2022 жылдың тамызында «Шөлдала» шекара заставасының мерзімді әскери қызметшісі Бекбол Мираштың өз-өзіне қол салу дерегіне қатысты тергеу барысын мәлімдеді. Биыл ақпан айында «Шөлдала» шекара бөлімшесіндегі жауынгер өлімі фактісі бойынша ішкі тергеу жүргізіліп, бірнеше адам қызметінен шеттетілді.