Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қызылорда облысында ер адам көлігімен полицейлерді сүйрей жөнелген (ВИДЕО)

Қызылорда облысында көлігімен полиция қызметкерлерін 500 метрге сүйрей жөнелген жүргізуші қамауға алынды, деп хабарлады Paryz.kz. 

Қызылорда облысында ер адам көлігімен полицейлерді сүйрей жөнелген (ВИДЕО)
фото: polisia.kz

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 8 тамызда Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің патрульдік қызметкерлері аймақ аралау барысында жолда жүру ережелерін бұзған көлік жүргізушісін тоқтатқан. Полиция қызметкерлері заң шеңберінде көлік жүргізушісіне автокөліктен түсіп, құжаттарын көрсетуін сұраған кезде жүргізуші олардың заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан қашпақ болған.

Ол дөрекілік танытып, өзін өте агрессивті ұстады. Қарсылық көрсеткеннен бөлек, көлігінің мемлекеттік нөмірін шешіп алып, көлікті тоқтатпақ болған полиция қызметкерлерін көлігімен 500 метрге дейінгі қашықтыққа сүйрей жөнелген. Соның салдарынан полицейлер түрлі дәрежедегі жарақаттар алды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 380-бабының 4-бөлігі 1-тармағына («Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері») сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Көлік жүргізушісі Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автокөлік айып алаңына қойылды. Жоғарыда аталған дерек бойынша күдікті 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылуы мүмкін. Қазір полицейлерге қарсылық көрсету, күш қолдану деректеріне қатысты қылмыстық істердің ақталмайтын негізде қысқарту тәжірибесі тоқтатылғандығын ескертеміз, – деді Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов.

Айта кетсек, жыл басынан Қызылорда облысында полицейлерге қарсылық көрсетудің 6 дерегі болған. Әрбір іс бойынша заң шеңберінде тиісті шешім қабылданды. Полиция қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерін атқару кезінде оларды қорлау, бағынбау және күш қолданумен байланысты қылмыстарды тергеу облыстық ПД бастығының ерекше бақылауында.