Әр балаға 40 мың теңге. Көмекті қалай алуға болады?

Instagram желісіндегі zhanaozen_online парақшасында оқу жылына дайындық үшін берілетін 40 мың теңгені алуға келген жаңаөзендіктердің видеосы тарады, деп хабарлайды Paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Әр балаға 40 мың теңге. Көмекті қалай алуға болады?
Фото: baq.kz

Видеода Жаңаөзендегі Халыққа қызмет көрсету орталығына жиналған халықтың көп екенін байқауға болады. Олар тиісті көмекті алу үшін құжаттарын тапсыруға келген.

Үйінде табыс көзі жоқ отбасыларға әр балаға берілетін 40 мың теңге көмекке құжат тапсыруға келген халық кезегі. Құжаттарды тапсыру цифрландырылмаған. Күннің ыстығында халық легі көп, - деп жазылған видеоның астында.

Жаңаөзен тұрғындары видеоның астына пікір қалдырып, жылда осы жағдай қайталана беретінін жазып жатыр.

Мына жағдай жылда осылай Жаңаөзенде. Басқа қалада мектеп өздеріне тапсырады. Бізде кезек үшін далада түнейді. Неге ешкім шешімін таппайды? Кезек мыңнан асады, - деп жазды оқырманның бірі видеоның астына.

Тағы бір оқырман былай деп пікір қалдырыпты.

Адамдарды көбейтсе (құжат қабылдайтын мамандарды – ред.) немесе мектептен қабылдайтындай етіп жасаса болады ғой. Неше күн болады кіре алмай жүрміз, - дейді ол.

Мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету үшін «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан биыл 18,7 миллиард теңге бөлінген.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы оқу жылына дайындық үшін көмекке мұқтаж отбасыларға әр бала үшін 40 567 теңгеден беріледі.

Көмек кімге беріледі:

- ата-ана қамқорлығынан айырылғандарға;

- жетім балаларға;

- АӘК алатын отбасыларға;

- жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасыларға;

- әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларға.

Сондай-ақ апатты жағдайға тап болған мектеп оқушыларына материалдық көмек көрсетіледі. Оның ішінде Абай ауданындағы орман өртімен күресте қаза тапқандардың балалары да бар.

Көмекті алу үшін не істеу керек?

Көмекті алу үшін ата-аналар мектептеріне барып, өтініш жазуы керек. Сонымен бірге екінші деңгейлі банктерде арнайы шот ашып, 20 таңбалы банк картасының нөмірін көрсетуі қажет. Онымен қоса картаның несиелік қарызы болмауы және бұғатталмауы керек.

3 тамыздағы жағдай бойынша өңірлерде 200 мың баланың есепшотына 8,2 миллиард теңгеден астам қаражат аударылғанын еске сала кетейік. Биыл бір балаға көмек көрсетудің жоғары мөлшері Павлодар облысында анықталды. Оның сомасы - 47 300 теңге.