Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

«Қызуын түсіретін дәрі де болмаған»: Алматы облысында ауруханаға түскен 6 айлық сәби екі күннен кейін көз жұмған

Алматы облысында қызуы көтеріліп ауруханаға түскен алты айлық сәби екі күннен кейін көз жұмған. Жақындары сәбидің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Себебі баланың денсаулығына қатысты шағым болмаған. Тіпті қызуды түсіретін дәрі--дәрмектің жоқтығынан терезе ашып, баланың үстіне сулы шүберек қойған. Бұл туралы  31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы хабарлайды. 

«Қызуын түсіретін дәрі де болмаған»: Алматы облысында ауруханаға түскен 6 айлық сәби екі күннен кейін көз жұмған
Фото: видеодан скриншот

Бірнеше күн бұрын 6 айлық Юсуф Өстемірдің қызуы көтерілген екен. Ата-анасының айтуынша, дәрігерлер тек ыстықты басу үшін дәрі беріп кетіпті. Дегенмен жағдайы жақсармаған соң ауруханаға бірнеше рет апарыпты. Бірақ Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасында да сәбиге дұрыстап қарамағандықтан баланың жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне түсті дейді. 

«Балаға кірсе, үстін сулы шүберекпен сүртіп, терезелерінің бәрін ашып қойған. Не істеп жатқанын сұрағанда «Температураны түсіріп жатырмыз» дейді. Бала деген көзі аларып кеткен, аспанға қарап қалған», – дейді баланың әкесі Ербол Өстеміров. 

21 шілдеде ауруханаға жатқызылған нәресте 23 шілдеде көз жұмған. Баланың әкесі мұны жауапсыздықтың кесірі деп отыр. Оның үстіне осы уақытқа дейін жазған арыздарына әлі күнге дейін ешбір жауапты мекеме жауап бермеген. Ал бұл жағдайды естіп, істі қолға алған заңгерлер соңына дейін жететіндерін айтады. 

Ал Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері қолдан келгенін жасағанын айтады. Сондай-ақ қазір 6 айлық Юсуфтың өліміне байланысты тергеу жүріп жатыр екен. 

«Өстемір Юсуф Ерболұлы 21 шілде күні ауруханаға түсті. Ауруханада хаттама бойынша толық көмек көрсетілді. Өкінішке қарай көрсетілген көмекке қарамастан 23-і күні бала көз жұмды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қорытындысын аяқталған кезде хабарлаймыз», – деді Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы директорының орынбасары Дәулет Қожақов. 

Қаскелең қаласында тұратын Ербол Өстеміровтің сөзінше, Юсуф отбасыдағы бесінші перзент болған. Көпбалалы ата-ана атанғанымызға қуанып жүргенде жазатайым көз жазып қалдық деп отыр. Енді баланың өліміне жауаптылар әділ жазасын алсын дейді.