Қазақстан грантта оқитын тәжік студенттерін оқудан шығармақ

Олар университетке 2015 жылы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы білім келісімі негізінде түскен...

Қазақстан грантта оқитын тәжік студенттерін оқудан шығармақ
фото: дереккөз

Алматы қаласындағы Санжар Аспандияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетіндегі тәжік студенттерін интернатурада оқу ақысын төлеуге міндеттеді. Әйтпесе оларды оқудан шығарады, деп хабарлады paryz.kz, centralasian.org-ке сілтеме жасап.

6-курс студенті Мехвар Халиловтың Озоди радиосына хабарлауынша, университеттегі 15 тәжікстандықтың бәрі Қазақстан мемлекеттік білім грантымен оқып жүрген.

"Ректоратта бізге оқу ақысын қаңтардың ортасына дейін төлеуді талап етті. Бұның алдында университет басшылығы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінен осы мәселені шешіп беруін сұраған. Бірақ мекемедегілер бір-біріне сілтеген. Уақыт аз қалды. Бізді оқудан шығаруы мүмкін", - дейді студент.

Оның айтуынша, тәжік студенттері университетке 2015 жылы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы білім келісімі негізінде түскен.

"Үкіметаралық келісімге сәйкес, интернатура мен ординатурада өте жақсы оқитын шетел студенттері ғана оқуын жалғастыра алады. Біз қазақстандық әріптестерімізге өте жақсы оқитын тәжік студенттеріне интернатурада оқуға рұқсат беруін сұрадық", - деді Тәжікстан Білім министрлігінің өкілі.

ҚР Білім және ғылым министрлігі шетел студенттерін интернатурада оқытуға бюджеттен қаражат қарастырылмағанын хабарлаған. Ал Тәжікстан Үкіметінің мәліметі бойынша, 30 мыңға жуық тәжікстандық шетелдегі оқу орындарында білім алып жүр.