Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Ақкенттегі өрт: Қаза тапқан әйелді туыстары ақтық сапарға шығарып салды

Алматының Ақкент шағын ауданындағы тұрғын үйде шыққан өрттен қаза тапқан Әсел Бекмұхаметованы туыстары бүгін туыстары жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Paryz.kz Информбюро-ға сілтеме жасап.

Ақкенттегі өрт: Қаза тапқан әйелді туыстары ақтық сапарға шығарып салды
фото: ТЖМ

Марқұмның туыстары сұхбатында «Құтқару қызметі кешікпей келгенде, қызымыздың аман қалуы мүмкін еді» дейді.  

«Жолдасым, Әселім балконға жүгірді. «Терезеден ауа жұтайық» деді. Менің қолымда немерем бар. Даладағылар «Секір», «Секір» деп айғайлады. «Жанын сақтап қалам ба» деп, тұншыққаннан бірінің артынан бірі секіріп кетті ғой», дейді марқұмның анасы Жұмагүл Әбдрахова.

Өрт басталғанда үйде марқұм Әселмен бірге оның әпкесі, ағасының 3 жасар қызы және ата-анасы болған. Жұмагүл Әбдрахова кішкентай баланы да «Биіктен секіртеміз бе» деп ойлаған едік дейді. Ондағысы - балалар өртеніп кетпей, аман қала ма деген ой. Кішкентай баланы әжесі көрпеге орап, бұрышта отырған. Оларды құтқарушылар алып шығыпты.

«Демала алмай бара жатқан соң секірді. Мен бірінші секіре алмаймын ғой. Қыздарым ғой, «Қыздарым аман болсын» дедім. Екінші қызым артынан секіріп кетті. Мен екі ортада дал болып тұрған кезде есікті тарсылдатты. Есікті ашып ем - өрт сөндірушілер», дейді Қайрат Бекмұхаметов. 

Әкесінің айтуынша, қызының тынысы тарылып, тұншыққан, тіпті жедел жәрдеммен ауруханаға бара жатқанда да «Ауа, ауа керек» дей берген. Кейін дәрігерлер өкпесін күйік шалғанын айтқан.

Марқұмның туыстары төтенше жағдайлар департаменті бастығының «Секірмей, сәл күткенде аман қалар еді» дегені қате, қайта олар уақытында келмеді, деп айыптап отыр.

Сол күні Әселмен бірге секіріп кеткен марқұмның әпкесі - Айжанды бүгін жансақтаудан жалпы палатаға ауыстырған.