Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Секірудің қажеті жоқ еді – Алматы қаласы ТЖД

Алматыда қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастыңының орынбасары Ерлан Әлімбеков Алатау ауданы «Ақкент» шағын ауданында болған кешегі өртке қатысты брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Секірудің қажеті жоқ еді – Алматы қаласы ТЖД
фото: almaty.tv

Оның айтуынша, өрт туралы сигнал 101 пультіне сағат 17.08-де келді. Ережеге сәйкес жоғары нөмір бойынша өрт орнына дереу төтенше жағдайлар департаментінің бригадалары жіберілді. Райымбек көшесіндегі кептеліске қарамастан алғашқы автоцистерналар 6 минутта жетті. Өрт сөндірушілер құралдарын жасақтауға 20 минут уақыт кетті.

Алғашқы минуттарда 200 адам құтқарылды. Одан кейін 35 адам құтқару қалпақтарының көмегімен үйден шығарылды. 16 баланы өрт сөндірушілер қолдарында алып шықты. Автокөлік сатылары арқылы 25 адам аман қалды. Автокранның көмегімен 20 адам құтқарылды, –  деді ТЖД бастығының орынбасары Ерлан Әлібеков.

Одан кейін ол төтенше жағдай баспалдақтарының жабық болғанын айтты.

Егер балкондағы төтенше жағдайлар баспалдағы ашық болғанда өрт сөндірушілер оларды бесінші қабаттан алып шығар еді. Қазір өртке қарсы және техникалық сараптамалар жүргізілуде. Екі қылмыстық іс қозғалды. Жедел тергеу жұмыстарын жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Брифингте БАҚ өкілінің «Балконнан секіру қажет пе еді?», – деген сұрақ қойылды.

Оған ол: «Секірудің қажеті жоқ еді», – деп жауап берді.

Оның себебін ТЖД өкілі былай түсіндірді:

Біздің құтқарушылар тұрғын үйге кіріп қойған еді. Егер олар балконда 20 секунд күткенде өрт сөндірушілер оларды бесінші қабаттан жоғары қабатқа дейін жалғасқан балкондағы люктер арқылы құтқаратын еді. Кешегі жағдай тұрғын үйдегі түтінге қарсы қорғаныс жүйесінің жұмыс істемейтінін көрсетті. Егер ол жұмыс істесе қабаттарды қатты түтін баспас еді , –  деді.

Осы ретте ТЖД өкілдері тұрғындардың өрт сөндірушілерге кедергі жасағанын айтып қалды. Мысалы, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ директоры Айдар Скабаевтің айтуынша, өрт сөндіру жетекшісіне көп адамдар көмек бергенімен, кедергі жасағандар да болған.

Себебі барлығы менің туыстарымды, баламды, үйімді құтқарыңыз деп кедергі жасаған, –  деді  Айдар Несіпбекұлы.

Кездесуде төтенше жағдайлар департаменті осы оқиғадан сабақ алып, өртке қарсы іс-қимыл бойынша үгіт-насихат жұмысын жасайтынын мәлімдеді.

Өрт орнында пресс тур жасаймыз. Өрт болған орынды нақты көрсетіп, БАҚ арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен бірге тілсіз жауды ауыздықтау кезінде ерлік көрсеткен кран жүргізушілерін, түрік азаматын, көмектескен адамдарды марапаттауға ұсыныс жасаймыз. Ол ұсынысымыз Төтенше жағдайлар министрлігіне жолданады, – деді Ерлан Әлібеков.

Сонымен бірге ол өрт кезінде жақынынан айырылған отбасыға барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

Еске сала кетсек, кеше Алматы қаласының тұрғыны Әсел Бекмұхаметова «Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі өрттен қаза тапты. Алатау ауданының әкімдігі марқұмның отбасына қажетті моральдық және материалдық көмек көрсетеді.

Алатау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, марқұмды жерлеу рәсімі Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаражота ауылында өтеді.  Әкімдік жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, марқұмның денесін тасымалдауға көмектесетін болады.