Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Алматыда Игорь Дужновтың үйін сот орындаушылары күшпен тартып алды

Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың үйін сот орындаушылары күшпен тартып алды. Үйді бергісі келмеген Дужновтың әйеліне бұл жайында бір апта бұрын да ескертіп, өз еркімен баспананы босатуды сұраған. Бірақ Анаида Демирчян полиция мен арнайы жасаққа қарсылық көрсетуін тоқтатқан емес. Тіпті өзін өртемек те болды. Бұл туралы Paryz.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматыда Игорь Дужновтың үйін сот орындаушылары күшпен тартып алды
Фото: видеодан скриншот

Сот орындаушылары арнайы жасақты алып, қанды оқиға болған үйге тағы келген. Бұл жолы есікті бұзып, ішке кіріпті. Ал Дужновтың жұбайы сыртта жүр. Сот қаулысын орындауға келгендер үйді толықтай тінту кезінде қару табылғанын айтады. Сол себепті таңнан бері үйдің маңайына жан баласын жақындатқан жоқ. Аумақ толық қоршауға алынып, баспана ішінде сот орындаушылардан бөлек, полицияның жедел-тергеу тобы да тексеру жүргізіпті. Ал бір ай бұрын "өзімді өртеймін" деп байбалам салып, сот орындаушыларын қуып шыққан Дужновтың жұбайы бүгін үйге өзі кіре алмады.

“Бұл үй маған тиесілі. Баспананы оңайлықпен босатпаймын. Өзгенің атына заңсыз тіркеген. Осыдан бір ай бұрын ғана 13 қыркүйекке дейін ешкім мені орнымнан қозғамайтындығы айтылған еді. Сол уақытқа дейін құжаттарды реттеп сотта да, қылмыстық істе де үйдің менікі екенін дәлелдеймін деп отырғанмын. Қазір іште сіңілім қалды. Барлық менің жеке дүниені рұқсатымсыз далаға шығарып тастап жатыр екен”, – деді Анаида Демирчян. 

Әдеттегідей соттың қаулысын орындауға келген мамандардың жанында арнайы жасақ жүр. Полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер, жедел жәрдем де осында. Ал іштегі жағдайды Анаида Демирчянға сіңлісі баяндап берген. 

Жеке сот орындаушы Дужнов отбасын бұған дейін 5 рет шығаруға әрекеттенген. Бірақ барлығында да қарсылық көрсетіпті.

“Сот шешімімен үйден мәжбүрлі түрде шығару жүріп жатыр. Сол себепті бүгінгі таңда ескертілген Анаида Демирчянға ескертіліп, бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың қатысуымен. Қазіргі таңда барлық мүлкі актіленіп, қоймаға жіберіледі. Үйді толығымен босатқаннан кейін үйдің иелеріне береміз”, – деді сот орындаушысы Алмасбек Елтоқов. 

Еске салсақ, қайғылы жағдай 2021 жылдың қыркүйек айында болған. Игорь Дужнов сот қаулысын орындауға келген 5 адамға аңшы мылтығымен оқ жаудырды. Салдарынан екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза тапты. Қаскөйге өмірі бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, қазір қауіпті қылмыскерлерге арналған "Қара бүркіт" түрмесінде отыр. Ал жұбайы қанды оқиғаға себеп болған Ақбұлақ ықшамауданындағы үйді 2 жылдан бері босатпай жүрген болатын