Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты әйел тергеушілер жүргізуі керек – Айгүл Орынбек

Заңгер Айгүл Орынбек төбе құйқаны шымырлатар істермен күн сайын бетпе-бет келеді. Ол әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен педофилия қылмыстары ашылмай қалып жататынын айтады.  Ол, тіпті осындай қылмыс проблемасын көтергені үшін құзырлы органдар тарапынан негізсіз қысым мен қуғынға ұшыраған. Құзырлы органдардағы тергеушілердің көбісі ер-азаматтар, олар үшін әйелдердің соққыға жығылуы – қалыпты жағдай. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қатысты істі әйел тергеуші ашуы керек.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты әйел тергеушілер жүргізуі керек – Айгүл Орынбек
Коллаж: Azattyq Ruhy

- Айгүл Сәтбайқызы, соңғы жылдары қоғамды дүр сілкіндерген жаманат хабар көбейіп кетті. Жақында Сарыағаштағы бес жасар қыз баланың педофилдің қолынан өлуі, кешегі он бес жасар қызды өгей әкенің, туған екі қызын өз әкесінің зорлауы, тағысын тағы. Бірақ бәзбіреулер «Мұндай оқиғалар бұрын да болған. Қазір интернеттің арқасында тез тарайды» дейді. Сіз не дейсіз?

- Бұрын мұндай санатты қылмыстар болған. Бірақ көбіне «жылы» жабылып кететін. Ал қазіргі уақытта заманауи технология көш ілгері дамыған заман. Интернет те, әлеуметтік желі де бар. Өкінішке қарай, біздің елде көбіне заң жүзінде жазылған арыз бен шағымдар заңға сай қаралып, сараланбайды. Жауапты инстанциялар мен мемлекеттік мекемелер, лауазымды тұлғалар өз жұмыстарына салғырт қарап немесе сыбайластыққа жол беріп, жазған шағымыңа жауап та бермейді. Жауап бергеннің өзінде, мардымсыз. Кей кездері жауабына қанағаттанбай жоғары тұрған органға жергілікті жердің заңсыздықтары жөнінде жазсаң, олар оны алып, сол әрекетсіздігіне шағымданып отырған мекеменің өзіне береді. Бұл деген – халықты басыну, мазақ ету деп білемін. Арызданып барған халықты қабылдамайды, қабылдаса да тыңдамайды. Іс насырға шапса да, қылмыстық істі жауып жібереді. Құзырлылардың өзі сыбайласып алып, педофилдердің жазасын жеңілдетіп, тіпті жауапкершіліктен босатып, бостандыққа жібере салады. Осыдан кейін, ашынған халық мәселесін мемлекеттік немесе жауапты өзге де мекемелерге барып айтқысы да, табаннан тозғысы да келмейді. Жүйкелері тозып, шаршаған соң амалсыз әлеуметтік желіге немесе өзге де қоғам белсенділерінің көмегіне жүгінеді. Ғаламторға салынады, оны халық болып талқылайды, резонанс туады, сонда ғана барып, қалың ұйқыда жатқан жауапты мекеме мен жауапты лауазымды тұлғалар қызметінен айырылып қалмас үшін амалдың жоқтығынан қимылдай бастайды. Олардың жауапкершілігі қаралып, заңсыз әрекеттері әшкере болады. Полиция, пробация қызметі, прокурор немесе судьяны орнынан алып, жауапкершілікке тартуға көшеді. Сондықтан, бұл тұрғыда әлеуметтік желінің тиімді әрі оңтайлы тұстары бар екенін жоққа шығара алмаймын.

- Жасөспірім қыздар көбінесе өгей әкеден зорлық көріп отыр. Демек, қызы бар әйелдерге екінші рет тұрмысқа шығудың керегі жоқ деп жатады. Бұл осы салада жұмыс істеген құқық қорғау қызметкерлерінің, заңгерлердің пікірі. Бұған не дейсіз?

- Мәселе – әйелдердің екінші рет тұрмысқа шығу-шықпауында емес. Бар мәселе – мемлекетіміздегі осы жасөспірімдерді зорлаған істерде негізгі кінәлі тұлғалардың заңға сай жазаланбай, құлан-таза құтылып кетуінде болып тұр. Егер осы заң жұмыс істесе, нақ орындалса – ол өгей әке болсын, көшедегі педофил болсын, жасаған әрекетінің соңын ойлап, қамалатынын түсініп, бұл қылмысқа бармас еді! Ал бізде қалай?! Қыз зорланады, анасына айтады немесе өмірден безіп, өзіне қол жұмсайды, әйтеуір «зорланғаны» белгілі болады. Белгілі болған соң, анасы байғұс шырылдап полицияға арызданады. Ал полиция, оны «қадағалайды» деген прокуратура бәрі жұмыла бірігіп алып, істі созбалаққа салады. Орын алған жайтқа дереу заң жүзінде өз әрекеттеріне жауап бере алмайтын жасөспірім мен жеткіншектердің өздерін кінәлап шыға келеді. Тәрбиесі нашар, осал отбасының перзенті. Одан кейін, қыз дәрменсіздіктен зорлыққа ұшыраса да, кінәлі қыз баланың өзі болып шығады. Ал саналы түрде зорлық жасап, қылмыс жасаған ер адамдар жауапкершіліктен жалтарады. Тіпті тағайындалуы міндетті экспертизаның өзін созып, әуре сарсаңға салады. Іс сот сараптамаға жеткенде, эксперттер  «қыздығы бұзылған» тіпті түсік тастаған қыздарды көрсе де, жағдайды жіті білсе де «қыздық пердесі бүтін» деп қорытынды бере салады. Бітті! Педофил бостандықта деген сөз! Ақша беріп, басқа жасап, әйтеуір жазадан оп-оңай құтылатынын білген соң, әрине өгей әке, жалпы еркектер бұл санатты қылмысқа қорықпай барады. Сондықтан, бұл мәселеге келгенде кінәні екінші рет тұрмыс құрып, жанұя бақытына бөленгісі келетін әйелден емес, жүйені «шірітіп» жатқан құзырлылардан және ҚР ҚК-тің 420-бабынан еш қорықпай «қорытындыны» майшелпекше беріп жатқан эксперттерден көру керек деп есептеймін.

- Зорлық-зомбылық ашық айтылса, қылмыс азая ма? Керісінше, айтылған сайын көбейіп жатқан жоқ па?

-  Қоғамдық кеңістікте зорлық-зомбылық тақырыбы ашық айтылып жатқан жоқ. Бұл санатты қылмыстармен айналысып жүрген заңгерлердің өзі саусақпен санарлық. Себебі, бұл мәселемен айналысқан заңгерлер құзырлы органдар тарапынан бірден қысым мен қудалауға ұшырайды. Яғни, құқық қорғау органдары қылмысты ашудың орнына, оны көтеріп жүрген «сенімен» айналысып кетеді. Мына менің өзім заң саласында қаншама жылдық тәжірибем бар заңгермін, қоғам алдында ашық жүрген қоғам қайраткерімін, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі болсам да маған негізсіз қысым-қудалау жасайтындар аз емес.  Менің өзіме осылай жасағанда, басқаларға не істемейді?! Сондықтан, бұл санатты қылмыстар мен тақырыпқа келгенде, көбісі ашық айтудан аяқ тартады.

- Жыл сайын 400-ге жуық қыз-келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады екен. Ал 2023 жылдың басынан бері 18 әйел өз үйінде ажал құшқан. Бұл ресми статистика. Шын мәніндегі статистика бұдан да қорқынышты ма? 

-  Жасөспірім қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтан бөлек, жалпы әйелдерге қатысты зорлау, ұрып-соғу, әлімжеттік, қыздар саудасы, тұрмыстық зомбылыққа тап болғандар мәселесі – қоғам жарасы. Оның несін жасырамыз?! Бұл қылмыстардың артында кім тұрғаны және кімдердің ықпалы бар екені де ашық айтыла бастады. Сондықтан, заңсыз жабылып кеткен істер көп. Ақиқат деген ресми статитистикадан да, басқадан да, көзбояушылық есептерінен де көрінбейді. Бұған қоса, жергілікті мекемелер және жауапты құзырлылар жоғарыға жалған есеп беріп, шындыққа жанаспайтын статистика беретінін жақсы білемін. Сол себепті, олардың ұсынатын және жариялайтын ешбір ресми статистикасына сенбеймін.

- Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын қылмыстық баптарға жаңа түзету енгізілгені белгілі. Кейбір мамандар Қылмыстық кодекске жеке бап қосу керек дегенді айтады. Сіздіңше қалай?

- Біздің елде Заң да, бап та – бәрі бар. Бірақ, оны орындаушы заң органдары мен құзырлылар, тіпті сот жүйесі заңымызды «бұрмалап» қолданады. Шын мәніндегі орын алған оқиға мен құзырлылар түзген «сценарий», бәрі өзгеріске ұшырай салады. Осылайша, заң орындалмай, тасада қалып қояды. Сондықтан, бізге дәл қазіргі кезде Президентіміздің өзі қатаңдатып берген қолдағы заңнаманы өзін орындатып алсақ, соның өзі – жетістік. Иә, заңның Заң жүзінде талапқа сай сараланып, орындалуының өзін – жетістік деп санайтын жағдайға жеттік! Бірақ, бұл рас! Ал қолданыстағы заңнаманы нақ қолданысқа енгізіп, әділдік салтанат құруы үшін бізге жаңа реформа қажет! Осы ретте атап өтетін маңызды жайт: Жаңа реформа – «ескі жүйенің» адамдарымен, ескі кадрлармен құрылмайды. Олар ескі әуеніне салып, заңды бұрмалап, Адам құқықтарын өрескел бұзуды - таптауын жалғастыра береді. Президентіміз үнемі Адал адам ұғымын айтып, Адал адам болуға шақыруымен келеді. Өкінішке қарай, бұл сөздің төркіні мен мазмұнын және діттеген мақсатын түсініп тұрғандар саусақпен санарлық. Егер Мемлекет басшысының қағидалары мен қатаң тапсырмаларын орындаса және құлақтарына құйып жүрсе, бізде жүйе жөнге келіп, тазарар еді, халық пен билік арасы етене жақындар еді деп ойлаймын.

- Небір заңсыздық пен бассыздыққа куә болып жүрген маман ретінде «Не істеу керек?» деген сұраққа жауабыңыз бар ма?

-  Ең алдымен, халықты құқықтық сауаттандыру қажет. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында да Еліміздің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп айқын көрсетілген. Адам құқықтарының өрескел бұзылуының бірден-бір себебі де сол – адамдардың құқықтық сауатсыздығы. Бұған өзім заңгер ретінде, қоғам қайраткері ретінде де куәгермін. 10 жыл бойы қоғамдық жұмыстармен айналысып келемін, әсіресе шалғай өңірлер мен ауыл-аймақтарды аралап, құқықтық сауатсыздықтың салдарынан сыбайластық пен жемқорлықтың белең алып жатқанын да көрдім. Қазіргі қоғамда кеңінен орын алып жатқан алаяқтық жайттары, жасөспірімдерге қатысты зорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі тасымалдау, сату деректері де - адамдардың құқықтық сауатының жетіспеушілігінен, егер бұл әрекеттер үшін заңда қандай жауапкершіліктер көзделгенін іс жүзінде білсе – адамдар қылмыс жасамас еді. Жасыратыны жоқ, жергілікті жұрттың арыз-шағымы, құқықтарының бұзылып жатқаны жөніндегі уәждері - күн санап артпаса, кеміп жатқан жоқ. Ал халықты қабылдау үшін ашылған мемлекеттік мекемелер, полиция департаменттері және өзге де атқарушы органдар алдындағы миллиондаған қаржыға салынған «Фронт-офистердің» құр қаңқасы сәндік үшін тұр ма деп қаласың. Барсаң, тиісті бағыттағы мамандарды орнынан таппайсың. Ал басшылары кабинеттеріне тығылып, шықпайды. Кімнен қорқатыны белгісіз, азаматтарды қабылдап, мәселесіне үңілудің орнына, керісінше халықтан қашып, беттерін қайтарады. Ашынған жергілікті жұрт амалсыз, белсенділерге шығады, тіпті арызын арқалап Ақ ордаға барушылар көбейген. Осының барлығы «бірізді құқықтық жүйенің» жоқтығынан! Ал негізі Халықты құқықтық сауаттандыру үшін - қаржы, тіпті ешқандай артық шығынның да қажеті жоқ. Тек тиісті сала басшылары мен атқарушы мамандардың қарапайым халықпен теңесіп сөйлесіп, мәселесін ден қойып тыңдап, шешу үшін бағыт-бағдар беріп, бастысы заң аясында көмектессе – соның өзі жетіп жатыр.

- Зардап шеккен әйелдер әділдікке қол жеткізуі қиын. Заң солқыл деп айтып жатады. Зорлық-зомбылықтың болғанын дәлелдеп, жауапкершіліке тарту қиын ба?

- Мені әсіресе, шалғай ауыл-аймақтардағы нәзік жандылардың мәселесі қатты алаңдатады.  Тұрмыста зәбір көргендердің қатары күн санап кеміп жатқан жоқ, керісінше артып жатыр. Бұның себебі неде? Әрине, біздің елде аты дардай конференциялар мен жаттанды жиындар, кеңестер көптеп өтеді. Аталған ауқымы кең басқосуларға қатысушы қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар өкілдері тек сол кеңестерде әдемі киініп алып, әдемі сөйлеп, баяндамаларын оқиды және кетеді. Одан кейін, ол жауапты тұлғалар мен әлгі әйелдер «жанашырларының» жұмыстары түгілі, тіпті өздерін де көрмейсің. Сондықтан, мен ауқымды әрі өзекті, уақыт күттірмейтін проблемалар сол жаттанды жиындарында ғана ұрандалып, жерде қалып кетпей, іс жүзінде шешімін тапса екен деймін. Осы ретте айта өтетін маңызды жайт: Ұлттық Кеңес аясында менің ұсынысыммен және Президентіміз тікелей қолдауымен зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге арнайы тергеу кабинеттері ашылып және онда әйел тергеушілер жұмысқа кірісуі керек болған. Алайда қазір бұл жоба ешбір тергеу органдарында орындалып та, жүзеге асып та жатқан жоқ. Бұл олқылықтың кесірінен тергеу әрекеттері дұрыс жүргізілмей, нәтижесінде адам құқықтары, оның ішінде әйел құқықтары мен мүдделері өрескел бұзылуда. Өз тәжірибемде кездескен істерге тоқталар болсам, зорлық-зомбылық деректеріндегі тергеу әрекеттері біржақты «бұрмалана» жүргізіледі. Яғни, ер-азаматтарға басымдық беріліп, олардың заңсыздықтары қолдау тауып кететін жайттарға куә болып келемін. Себебі, істі тергеп-тексеретін тергеушілер – ер адамдар. Сол себепті, нәзік жандылардың денсаулығы да, жандүниесі, оларға келтірілген жалпы зиянды залалдар да бәрі де ескерілмей, құқықтары аяқ асты тапталып жатыр. Сөзімді растайтын дәлел ретінде айтайын: аудандық полиция бөлім-басқармаларындағы тергеу құрылымдарында психологтар жоқ. Бар болғанның өзінде, ол психологтар жеке құрамға бекітілген, жеке құрамның өзіне жетпейді. Міне, әйелдердің әділдікке жетуіне кедергілер осы жайттардан туындайды. Өзінің зорлық-зомбылықтың «құрбаны» болғанын дәлелдеу қиындаған соң, әрине тұрмыстағы әйелдер бар зәбірді көріп, оған дәрменсіздіктен төзіп және шыдап жүре береді. Осылайша, зорлыққа ұшырап, қоғамға үрке қараған жасөспірім қыздар мен әйелдерді, олардың құқықтарының тапталып, тіпті өздерінің зорланғанын дәлелдей алмай, аяқтан тозып, соңында әділдіктен үміттерін үзгенін көргенде, тіпті жаным ауырады. Адам тағдыры, адам өмірі, адам құқығы – ойыншық емес. Шынтуайтында, заңда тұрған ештеңе жоқ, кемшіліктің бәрі – сол заңды орындаушы құқық қорғау органдарының өздерінің жол берген және тікелей ықпал еткен заңсыздығынан екені айдан анық.

Дереккөз: Azattyq Ruhy