Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Музейде ұлыдан қалған ұлы мұра тұр

Алматыда көрнекті тұлғалар атындағы мұражай көп.  Соның ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі көзге ерекше көрінеді. Өткен ғасырда бұл үйде Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің соңғы жылдарын өткізген, қазір сырға толы тағылым мектебі.  Ел тарихына елеулі үлес қосқан Алаш ардақтысы тағдырдың тәлкегіне түсіп, жалған айып тағылып, бірнеше  рет жер аударылып, темір торға тоғытылып, абақты азабын тартқаны бәрімізге белгілі. Сондықтан тарихи тұлғаның көзі тірісінде қолы тиіп, кәдесіне жараған бұйымдары да қастерлі. Бұл турасында бізге музей-үйі қызметкері әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Paryz.kz.

Музейде ұлыдан қалған ұлы мұра тұр
Фото: "Ана тілі" газеті

Шара Боздақова, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қор сақтаушысы:

Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде 30-ға жуық мұрағаттық құжат, 23-тен аса сурет көшірмесі жинақталған. Бірақ тұлғаның өзі қолданған заттай жәдігер өте аз. Солардың бірі – сандық пен қолшабадан мұражайда сақтаулы тұр. Қолшабадан шамамен 1909–1926 жылдар аралығында пайдаланылған. Қысқаша тарихын айта кетсек, 1909 жылы Ахмет Байтұрсынұлы патша үкіметінің саясатына қарсы шыққаны үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 жылы Орынборға жер аударылады. Музей-үйдің жетекшісі әрі талай жылдардан бері тұлға музейіне қалыптасуына еңбек еткен ахметтанушы ғалым Райхан Сахыбекқызының «Ғасыр саңлағы» атты зерттеу еңбегіне сүйенсек, Ахмет Байтұрсынұлы отбасымен 1926 жылы пәуескемен туған өлкесі Торғайға барады. Сол тұста елдегі туған-туыстары қолқалап «Көзіңіздей көріп жүрейік» деп, осы шабаданды алып қалыпты. Алайда туыстары көп уақытқа дейін музейге бұл жәдігерді тапсырмапты. 2005 жылы ақын, ғалым Серікбай Оспанов тарихи тұлғаның елдегі ағайын туыстарымен сөйлесіп, шабаданды музейге өткізген. Жеткізуші қостанайлық Отарбаев Жанкелді. Сандықтың жай-жапсарына келсек, оның тарихы өте күрделі.  Ахмет Байтұрсынұлы 1929 жылы «жала жабылып» түрмеге түскенде Бадрисафа (ғұламаның жұбайы) оған баруы үшін қаражат керек болып, қолдағы бағалы сандығын көршісі Мағрифа Елубайқызына сатқан екен... Осылайша, бұл сандықты М.Елубайқының перзенті Бибі Хабиқызы 1998 жылы музейге тапсырады. Естеліктердегі дерек бойынша таратсақ, Бибінің анасы Мағрипа Ахмет пен Бадрисафаның отбасымен сыйлас әрі дәмдес болған деседі.  Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде тұлға алақанының табы қалған осынау қос жәдігердің құны бүгінгі өскелең ұрпақ үшін маңызды. Тағдыры тауқыметке толы болғанымен, ғұмыры өнегелі Ахмет Байтұрсынұлының отбасында қолданылған жеке мүліктерінің сақталмауы олардың қуғынға көп түскендігімен де түсіндіріледі. Қалай десек те өткен ғасырдағы бұралаң-бұлтарыстарынан аман жеткен бұл қос жәдігер келер ұрпаққа да Ұлт ұстазының аманаты болып жете беретініне сенімдіміз. Алаш ардақтысының қолы тиген жәдігерлерді көру, тұлғаның тағылым мектебіне тағзым ету – перзенттік парызымыз деп білемін.