Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Атырау облысында 6 ауылды құм басуы мүмкін

Атырау облысындағы бірнеше ауылда толассыз көшкен құм тұрғын үйлер мен қора жайларды басып жатыр. Бұл туралы Paryz.kz "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Атырау облысында 6 ауылды құм басуы мүмкін
Фото: видеодан скриншот

Телеарна мәліметінше, соңғы 5 жыл қатарынан болған құрғақшылық салдарынан Каспий теңізінің тартылуынан шағылдар көше бастаған. Жергілікті билік ушыққан мәселені сексеуіл отырғызып шешуге көшкен. Алайда, жұмыс шала атқарылғандықтан, осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған жоба аяқсыз қалған, дейді тұрғындар. Ауыл тұрғындары құм көшкіні бір күні баспанамызды басып қала ма қорқатынын айтты.

"Құмның азабын көрдік. Аптасына бір-екі рет алдыртып тұрамыз осылай. Қиын. Үйді басып кететін түрі бар. Құрғақшылық пен теңіздің тартылуы мәселені одан бетер ушықтырып жіберді", - дейді ауыл тұрғыны Фаруза Сұлтанәлиева.

Телеарна мәліметінше, толассыз көшкен қызыл құм 1300 тұрғыны бар Забурын ауылын да тығырыққа тіреген. Алдыңғы жылы 115 млн теңге бөлінген құм тоқтату жұмыстары сәтсіз аяқталған. Егілген 27 мың түп сексеуілден сая болар ештеңе қалмаған. Жергілікті билік енді жаңа жұмыстың жобасын жасақтауға кіріскенін атап өтті.

"Қазір жобалау сметалық құжатын дайындап жатырмыз тағы да. Ауылдың ішіндегі құмдарды далаға шығаруға машинамен, погрузчиктермен. Осы жұмыстармен айналысып жатырмыз. Игертпей жатыр", - дейді Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаш.

Телеарна дерегінше, билік басындағылар кеткен кемшілік жуық арада түзелетінін атап өткен.

"Олар өздерінің гарантиялық хатын да берді бізге. Жасайтын боламыз деген. Кешегі уақытта тағы да хат жолдаған болатынбыз. Олар күз айында жасаймыз деп өздерінің міндеттеріне алып отыр. Егер орындамаған жағдайда сотқа жүгінеміз. Облыс бойынша құм басу қаупі жоғары 6 ауыл бар. Соңғы 10 жылда құм көшкіні бел алып бара жатыр. Сондықтан жедел шара керек. Исатайда қолға алынған жұмыс жемісін берсе, шағылға көмілген елдімекендердің іргесіне сексеуіл егу жалғасатын болады", - дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева.