Осы апаттан аман қалғандар ауруханаға жеткізілді. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан үш көлік соқтығысып, 9 адам тірідей өртеніп кеткен, – деп хабарлайды Paryz.kz.
КТК арнасының мәліметінше, ауыр жараланған бір адам ота үстінде қайтыс болды. Тірі қалған 14 адам қазір ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр.
Екпінді мен Шаян ауылдарының арасындағы жолда таңғы сағат 9-да болған. Қос көлік қана сиятын тар жолда Ниссан жеңіл көлігі қарсы бағытқа шығып, Созақ ауданынан келе жатқан жолаушылар толы шағын автобуспен бетпе-бет соғылған. Оларға артта келе жатқан тағы бір «Тойота» көлігі соқтығысып, үш көлік те сол мезетте отқа ораныпты. Өрт сөндірушілер жетем дегенше автокөліктердің күлі ғана қалды. 9 адам лаулаған техниканың ішінен шыға алмай қалған.
Тірі қалған 15 жолаушы іргедегі Шаян ауылындағы орталық ауруханаға жеткізілді. Есін енді жиған 20 жасар Алуа Созақ ауданынан Шымкентке әке-шешесімен қыдырып шыққанын айтады.
«Созақ ауданының тұрғыны Алуа Байділдәқызы: «Көлік жол бойы қатты жылдамдықта келе жатып ойнақтады. Сосын қарама-қарсы көлік келіп қалып, сол кезде жол апаты болды. Өрт бірінші «Спринтерден» шықты, сосын барып жеңіл көлікке тиді. Үшеуі де өртенді. Жеңіл көлікте адам болған. Көз алдымда адаммен бірге өртеніп кетті. Мен көлік аударылғанда терезеден ұшып кеттім. Екі рет пе... аударылды. Қасымдағы адамдардың көбісі шыға алмады», – деді.
Ауруханаға жеткізілгендердің басым көпшілігі Созақ ауданының тұрғындары екен. Таңертеңнен бері облыстан санавиациямен алдырылған 11 маман науқастарға ота жасап жатыр. Көп қан жоғалтқан 49 жастағы тұрғын операция кезінде көз жұмды.
Ауыр жарақат алған тағы бірі өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан 5 адамның төртеуі – 6 мен 11 жас аралығындағы балалар.
Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бексұлтан Рысбеков: «Жарақаттың барлығы негізінде бас мидың жабық жарақаттары, сүйектің сынуы, сосын кеуде клеткасына және іш құрылысының жабық соққы жарақаттары бар», – дейді.
Апатқа көлік жүргізушісінің жол ережесін сақтамағаны себеп болған.
«Түркістан облыстық ПД бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев: «Алдын ала анықтаған себебі, «Ниссан Х трейл» автокөлігі қарсы бағытқа шығып, «Фольксваген» автокөлігімен соғысқан», – дейді.
Жол апаты бойынша бір баппен қылмыстық іс қозғалды. Ал, мерт болғандардың көпшілігі әлі жерленбейді. Себебі, өртеніп кеткен адамдардың аты-жөні мен түр тұлғасы анықталып жатыр.