Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Бейбіт Шүменов сауда орталығындағы жанжалға қатысты пікір білдірді

Кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов Астанадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде болған оқиғаға қатысты TengriSport сайтына сұхбат берді.

Бейбіт Шүменов сауда орталығындағы жанжалға қатысты пікір білдірді
Фото: ашық дереккөз

Спортшының қолында баласы бар ер адамды соққыға жыққан видеосы желіде тарап, қолданушылардың наразылығын тудырған еді. Ал ол оқиға қалай басталғаны жайлы боксшының өзі басқаша баяндайды. Қазіргі таңда осы іске қатысты жәбірленуші арыз жазған. Астана Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша тергеу жүргізіліп жатқан туралы хабарлады.

39 жастағы спортшы оқиға балалардың келіспей қалуынан және әкесінің дөрекі жауап қатуынан басталғанын баяндаған.

"Мен ұлымды Қазақстанға алып келгенмін, ол – АҚШ азаматы. Ол Отанына келіп, осында қыдырып қайтса деп келгенбіз. Біз Mega Silkway ойын-сауық орталығына бардық, ол Happylon-да ойнағанды ұнатады. Одан кейін екінші қабатына көтеріліп, тамақтанып алмақ болдық. Онда балалар ойнайтын жері болды.

Балам ойнауға кеткен, аздан соң оны біреу ұрғанын айтып шағымданып келді. Бір бала арқасынан ұрып, аяғынан сүйреген. Менің ұлым ештеңе түсінбеген, Америкада мұндайды мүлде көрмеген. Оның жасы 8-де, біз онымен досы секілді сөйлесеміз. Оған ешқашан дауыс көтермегенбіз, сондықтан да қатты қорыққан болар.

Аздан соң ол бала қайта келіп ұлымды басынан ұра бастаған, қашып үлгерген. Одан кейін ұлым оны әкесі алып кеткенін айтты. Ал оның жанында тағы бір кішкентай баласы болды", - дейді Бейбіт Шүменов.

Спортшының айтуынша, пышақ алып ұмтылғаннан кейін барып ашуға булыққан. Ал оған дейін дөрекі жауап қатқаны шамына тиген.

"Мен оған келіп, сенің балаң ба ұрған деп сұрадым. Ал ол "иә, не істей аласың?" деді. Мен мұндайды күтпедім. Оған жақындап "не айтып тұрғаныңды білесің бе?" дегенде, ол қолына ілінген затпен ұмтылды. Кейіннен қолындағы пышақ емес екенін ұғынып, ауыстырып қайта ұруға тырысты.

Маған "оның қолында пышақ бар" деп айқайлады. Ол кішкентай баланы тастамай, қорғану үшін пайдаланды. Мен оны артынан ұстап, кішкентайын қолынан босаттыруға тырыстым. Ол баланы жіберген жоқ, қайта оны қалқан ретінде пайдаланды. Қандай әке мұндай қадамға барады? Егер менің отбасымда сондай жағдай болса, оларды қорғаған болар едім. Видеода бәрі көрініп тұр. Пышақты көріп, оны қолынан алып тастауға тырыстым. Полиция келіп, біз сосын бөлімшеге бардық", - дейді боксшы.

39 жастағы спортшы полициямен болған диалог туралы айтып, оқиғаның тағы бір қатысушысы барын мәлімдеген.

"Біз бөлімшеге барғаннан кейін оның Қазақстанда заңсыз жүргені мәлім болды. Ол Қырғызстан азаматы екен. Ал оның баланы қолынан неге тастамағанын сонда түсіндім. Бала өзінікі емес болып шықты. Ал оны қорғану үшін пайдаланған.

Видеоны дұрыстап қарасаңыз, қолына бір затты алып, кейіннен оның пышақ емесін біліп тастай салады. Баланы тастай салып пышақты қолға алып, маған ұмтылды. Дені сау адам осылай жасай ма?" – дейді боксшы.

Полиция бөлімшесінде Бейбіт балалардың анасымен сөйлескен.

"Екі баланың анасы таза ағылшын тілінде сөйлейді екен. Ол менен, әйелімнен және ұлымнан кешірім сұрады. Ұлының мінезін айтып, аутизммен ауыратынын да жеткізді. Есіл аудандық полиция бөліміндегі камерада бәрі жазылған.

Видеода бізді ажыратпақ болған тағы бір ер адам бар. Ақ жейдеде болды. Оның есімі – Ғани. Ол Болат Теміровтің (жеңіл салмақта КСРО, ТМД чемпионы) інісі. Бұл істі сол ушықтырып жатыр деп ойлаймын.

Басында ол маған арыз жазбақ болған. Қасындағылар тыныштандырған еді. Мен оған шабуылдаған жоқпын, қайта маған басқа елдің азаматы пышақпен ұмтылды. Ғанидың ниеті басқа, және соның адвокаты жұмыс істеп жатқан сияқты", - дейді Шүменов.

Боксшының әйелі де арыз жазған. Бейбіттің айтуынша, Қырғызстан азаматы оны оқиға кезінде итеріп жіберген. Қолы көгеріп қалған.

"Ер адам өзі үшін емес, баласына айқайлағаны үшін мұндай әрекетке барғаны жайлы айтады. Видеода менің баламды ұрған үлкені жоқ. Оның қолындағы ана әйелдің кішкентайы болатын.

Мен онымен жай сөйлесуге барғанмын, ал оның жауабы таңғалдырды. Ол қолына тамақтанатын құралды алғанда да ұрған жоқпын, оны ұстап қалуға тырыстым. Баланы жібергенін күттім. Видеода оның пышақты қалай алғаны көрініп-ақ тұр.

Екінші видеода оның сынған бөтелкені қолына алғанын көруге болады. Оны сосын тастай салады. Менің міндетім отбасымды қорғау. Мен оның анау әйелмен бірге тұрып елімізде заңсыз жүргенін ресми түрде мәлімдеймін.

Мен қарапайым адаммын, жұрт назарына түсе бергім келмейді. Менде шығар жол жоқ, сондықтан да бұл сұрақтарға жауап бердім. Интернетте әңгіме көп айтылып жатыр, үшінші тарап осыдан хайп жасағысы келеді. Ешбір әке өз баласын қалқан ретінде пайдаланбайды.

Мен балаға ешқашан дауыс көтермеген болар едім. Олар періште ғой, сондықтан да мен оны ата-аналарына түсіндіргім келген. Бұлай боларын кім білген.

Оқиғадан кейін полиция бөлімшесінде балалардың анасымен бейбіт күйде тарастық. Ал енді бұл оқиғаға үшінші бір тараптың қызығушылығы оянған секілді", - дейді Бейбіт Шүменов.

Желіде екінші тараптың көзқарасы бойынша адвокатының видеосы да жарияланды. TengriSport олардан да пікір білдіруді сұраған.

Айта кетейік, Бейбіт Шүменов – танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы. Мансабын 2007 жылы бастаған. 19 жекпе-жек өткізіп, 17-де жеңіске жеткен. 2 кездесуінде қарсыласына есе жіберген. 2017 жылы жарақатына байланысты мансабын аяқтаған.