Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Астана су қоймасының қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Қазір су қоймасы лайланып, ластанып жатыр. Мұны құзырлы министрлік білуге тиіс. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек. Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуал көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайтынын атап өтті.
«Тиісті жұмыс атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінуге тура келеді. Ахуалды дереу түзеу қажет. Бас қаланы осындай жағдайда қалдырмаймыз. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тарту жұмыстарын қолға алуға тиіс. Сонымен бірге, Үкімет әкімдікпен бірге сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қазірден бастап қарастыруы керек», - деді ол.