Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

«Кінәлілер тиісті жазасын алуы керек»: Тоқаев елордадағы су тапшылығына тоқталды

Астана инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар өз жұмыстарына селқос қараған. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңестің отырысында айтты, деп хабарлады Paryz.kz.

«Кінәлілер тиісті жазасын алуы керек»: Тоқаев елордадағы су тапшылығына тоқталды
Фото: akorda.kz

Жаздың басында су тапшылығы қатты сезіліп, тұрғындардың мәселеге наразылық білдіргенін білесіздер. Тіпті, жолдарды бөгеп, митингке шықты. Бұл – елорда өмірінде болып жатқан келеңсіз оқиғалар. Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлде жол беруге болмайды. Сондықтан кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек, – деді президент.

Бұл ретте қазір мемлекет басшысы қала Астана су қоймасына толық тәуелді болып отырғанын атап өтті.

Су алатын басқа жер жоқ. Бұл – өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындардың саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан су қоймасы қуатының алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық. Бұған қоса, су қоймасы лайланып, ластанып жатыр. Мұны құзырлы министрлік білуге тиіс. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек. Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.

Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуал көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты президент құзырлы министрліктің нақты шаралар қабылдауға тиіс екендігін айтты.