Қостанай полицейлері далада адасып кеткен ауыл тұрғынын тапты, деп хабарлайды Paryz.kz полицияға сілтеме жасап.
Адасып кеткен Алтынсарин ауылының тұрғыны жоғалғалы үш күн өткенде тура туған күнінде табылды.
Қамысты ауданының полиция бөліміне «Алтынсарино» ЖШС бригадасының басқарушысы дала тұрағында күзетшісінің жоғалып кеткенін айтқан.
Ер адам түнде жұмыс орнынан кетіп, далада адасып кетуі мүмкін деп болжанған.
Дереу полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен және ЖШС қызметкерлерімен бірлесіп іздеуді бастады.
Үш күн бойы олар даланың әр жерін қарады. Арнайы техника, соның ішінде дрон қолданды.
Жоғалған күзетші даладағы шағын су қоймасының жанынан тірі күйінде табылды.
- Сол түні ер адам өзін нашар сезініп, медициналық көмек күтпес үшін ауылға өз бетінше жетпек болған. Бірақ қараңғыда адасып кеткен. Әлсіреген ол жақын маңдағы су қоймасына жеткенше даланы кезіп жүрді. Оны сол жерден тауып алдық, - дейді Қамысты аудандық полиция бөлімі ЖКБ жедел уәкілі Николай Василий.
Қазіргі уақытта Алтынсарин ауылы тұрғынына аудандық ауруханада медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Өйткені ағзасы әбден әлсіреп, қалжыраған. Енді өміріне қауіп жоқ.
Осы уақыт ішінде ер адамның туыстары да іздеу шараларына қатысты.
Табылған күзетшінің ұлы «Алтынсарино» ЖШС директорының орынбасары Асхат Әбіловке, № 3 бригада басқарушысы Максим Маевскийге, аудан полицейлеріне және ТЖ қызметкерлеріне, әкесін іздеуге көмектескендердің бәріне алғысын айтты.