Прямая трансляция

Астана

Астана

3°C

«Жүрегі әділетсіздіктен шаршаған еді». Қонаевтың жеке дәрігері өз естелігін бөлісті

Алматыдағы Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасының дәрігері Ахат Мулюков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев туралы естеліктерін бөлісті, - деп хабарлайды Paryz.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Жүрегі әділетсіздіктен шаршаған еді». Қонаевтың жеке дәрігері өз естелігін бөлісті
© Facebook/Дінмұхамед Қонаев

"Мулюков 20 жыл бойы Қонаевтың жеке дәрігері болды. Алматыдағы медицина университетін бітіріп, Сызғанов атындағы хирургия институтында жұмыс істеген. Тәжірибелі анестезиолог-реаниматолог ретінде Қонаевтың жүрек талмасынан кейін бірінші хатшыны емдеуге шақырылған. "Мен қатты қобалжып, үлкен жауапкершілікті сезіндім. Сол кезде маған КСРО-ның төртінші басқармасының бастығы Евгений Чазов: "Сіз мұнда айдаладағы доктор емес, дәрігер болып келдіңіз. Емдеу сәтті өтсе бірінші басшы жұмыс істейді, егер ойдағыдай болмаса зейнетке шығуына тура келеді". Институт директоры Александр Сызғанов мені жеке өзі құттықтады. Оның "Бұл кісіні бәрі құрметтейді және жақсы көреді, бізді жерге қаратпа" деген сөздері әлі есімде. Дінмұхамед Қонаев 82 жасқа дейін өмір сүрді, ал мен оның денсаулығын 20 жыл бойы бақылап отырдым, оның көлеңкесіндей қасында жүрдім. Ол қызметінен алынып, барлық жеңілдіктерден айырылған кезде, мен оның жанында болдым, үйде тегін кеңес беріп, емдеуді жалғастырдым. Ол кісі қайтыс болған күні қасында болдым. Бірақ құтқарып қалу мүмкін болмады, өйткені жүрегі әділетсіздіктен қатты шаршаған еді", - деді Мулюков.

Дәрігердің айтуынша, жоғары лауазымына қарамастан Қонаев әрқашан әдептілігімен, мейірімділігімен және жауапкершілігімен ерекшеленді. Ол адамдарды лауазымы мен мәртебесіне қарамай құрметтейтін.

"Дінмұхамед Қонаев сыпайы, сүйкімді және зейінді адам еді, оған кез келген сұхбаттасушымен ортақ тіл табысу қиынға соқпайтын. Балалар оған өте жақын болды. Ол менің барлық нұсқауларыма мойынсынып, артық сұрақ қоймастан маған сенді. Қонаев 82 жасқа дейін өмір сүрді. Онымен жақын араласқан сайын шынайы адами қасиеттерін тани түстім. Ол бүкіл Қазақстанға сапар шегіп, бәрін бақылауда ұстады, қарапайым адамдармен сөйлесті, олардың жұмысына, қамқорлығына шын жүректен қызығушылық танытты. Таңғажайып есте сақтау қабілетіне тәнті болдым. Оның "өз қалтаңызды мемлекеттің қаражатымен толтырмаңыз, адал жұмыс істеңіз!" деген сөзі әлі есімде. Қонаев дәл осылай өмір сүрді. Оның сөздері ісіне сай болды", - деді дәрігер.

Қызметінен шеттетілгеннен кейін Қонаевқа көптеген жалған айып тағылды. Дәрігердің естелігіне қарағанда, Михаил Горбачев бірінші хатшыны қатты сынап, "Қонаевтың" тұсында республика экономикалық әлеуеті жағынан КСРО-да үшінші орынға шыққанымен, тоқырау болды деп айтқанда қатты уайымдаған.

Мулюковтың өзі зейнетке шығуға асықпайды. 84 жасында өзгелердің таңданысын туғызып, жұмысын жалғастырып жатыр.

"Сүйікті іспен айналысып, күш-қуатыңды қажетсіз нәрселерге жұмсамау керек. Әр нәрсенің өлшемін біліп, асықпай бәрін бірден қолға алмай, бірақ ешқашан жалқау болмау керек. Адам жүрегі тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан бұлшықеттерді шамадан тыс босаңсытпай, оларды қалыпты күйде ұстау керек. Сондай-ақ әрқашан бір қарапайым ережені есте сақтаңыз. Басқа адамдарды сөзбен, іспен немесе оймен болсын ренжітпеңіз!" - деді Қонаевтың жеке дәрігері.