«Әкең кім деп сұрамайды»: министр Даниал Ахметовтің қызының субсидия алуы жайлы

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Даниал Ахметовтің қызының жеке кәсіпкер ретінде Павлодар облысында субсидия алуына қатысты пікір білдірді,  деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Әкең кім деп сұрамайды»: министр Даниал Ахметовтің қызының субсидия алуы жайлы
Фото: tengrinews.kz

БАҚ өкілдері министрден ШҚО-ның бұрынғы әкімінің қызына тиесілі ЖК неліктен Павлодар облысында субсидия алған жалғыз аграрлық ұйым болып шыққанына қатысты сұрады.

Министр Gosagro жүйесінде 50 мыңнан астам тауар өндіруші барын, ал субсидия алушылар адами факторсыз, автоматты түрде анықталатынын алға тартты.

«Олар өз жерін, малының қанша екенін көрсетеді. Ешкім олардан «Әкең кім, шешең кім?» немесе «Өзің кімсің?» деп сұрап отырмайды. Жүйе объективті түрде қарап, егер негіз болса, субсидияны төлейді. Егер ақша жоқ болса, күту парағына кезекке қойылады. Мен өз басым министр ретінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді бөлмеймін: олардың әкесі кім, шешесі кім, жағдайы қандай, бай ма, кедей ме, бәрібір. Бізде заң, ереже бар. Сол арқылы субсидия алуға нақты талаптар арқылы жол беріледі. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз», - деді ведомство басшысы Үкімет отырысының кулуарында.

Сонымен қатар ол БАҚ өкілдеріне нақты ақпарат алу үшін ресми сұраным жіберуді ұсынды.

«Егер бұл заңнама аясында болса, жауап береміз. Сұраныс жіберіп, қарай аламыз. Шешімді ауыл шаруашылығы басқармасы мен құқық қорғау органдары қабылдайды. Субсидия беру кезінде заң бұзылмаса болды. Құқық қорғау органдары егер заңбұзушылықтар болса, өз бағасын береді», - деді министр.