Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

ҰБТ кезінде ереже бұзған 273 адамның нәтижесі жойылды

ҰБТ кезінде ереже бұзған 273 адамның нәтижесі жойылды, деп хабарлады Paryz.kz.

ҰБТ кезінде ереже бұзған 273 адамның нәтижесі жойылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 267 мыңға жуық рет тест тапсырылған. Оның ішінде талапкерлердің 76%-ы қазақ тілінде, 24%-ы орыс тілінде, 292-сі ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 79% талапкер жинаған. Орташа балға келетін болсақ, ол 70 балды құрады. Төрт адам ең жоғары көрсеткіш көрсетіп, 137 балл жинады.

ҰБТ-ның аяқталуына бірнеше күн қалды. Осы аптада біз грант тізімін жарияладық. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант тиесілі. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. Жалпы, бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінді, – деді ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Айта кетсек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында 6 аптаның ішінде олар 719 рет ҰБТ-ға қатысты.

Бүгінде 365 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 273 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде азаматтар анықталған жоқ.