Бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ұлы Димаш әкесіне үкім оқылғаннан кейін шенеунікке қарсы қылмыстық іс ойдан шығарылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен жауап алыңдар! Неліктен олар ойдан шығарды? Неліктен прокурор мұндай шешім шығарады? Неліктен судья… Мұның бәрі тапсырыс! Бәрі ойдан шығарылған!",- деді Арыстанбек Мұхамедиұлының ұлы.
Еске салайық, экс-министр ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі және 189-бөлігі 4-тармағы 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Арыстанбек Мұхамедиұлымен қатар Ұлттық музей басшысы болған Алмас Нұразхан, «Экспонат» мердігер ұйым директорының орынбасары Азамат Көшенов пен осы компанияның есепшісі Айым Сәдуақасова 7 жылға сотталды. Олар қылмыстық заңбұзушылыққа қатысты деген айыппен кінәлі деп танылды. Сот шешімімен 6 жасар қызы бар, жалғызбасты Айым Сәдуақасованың баласы Сәдуақасованың туыстарының біріне немесе қамқорлық мекемесіне тапсырылатын болды.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған болатын.
Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.