Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Сан-Мариноны ірі есеппен ұтты, деп хабарлайды paryz.kz nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінің ойыны Италияның Парма қаласындағы "Эннио Тардини" стадионында өтті. Есепті Қазақстан құрамасының қорғаушысы Ян Вороговский 37-минутта ашты. 64-минутта Асхат Тағыберген он бір метрлік айып добынан гол соғып, есепті еселеді. Сонымен қатар Бақтиер Зайнутдинов төреші белгілеген қосымша уақытта мергендігімен көзге түсіп, матчтың нүктесін қойды. Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Сан-Маринодан 0:3 есебімен айласын асырды. Қазіргі уақытта Магомед Адиевтің шәкірттерінің еншісінде алты ұпай бар. Бұған дейін ұлттық құрама Словенияға есе жіберіп, Даниядан басым түскен еді. Енді үш күннен соң Солтүстік Ирландиямен матч өткізеді.
Айта кетейік, Сан-Марино - әлемдегі ең әлсіз құрамалардың бірі және FIFA рейтингінде 201 орында тұр.