Елорданың №2 Байқоңыр аудандық сотында Арыстанбек Мұхамедиұлы және оның сыбайластарына қатысты істің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сот алдындағы соңғы сөзін айтты.
Бір жылдан астам қазақстандықтар және әлем «Алтын адам» көрмесіне қатысты қылмыстық істің барысын бақылап келеді. Биыл 17 сәуірде соттың алғашқы отырысында мен айтқам, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мен Үндістаннан «Алтын адамды» елге аман-сау алып келдім. Елшілік басқа да құзырлы органдардың көмегімен локдаунның дәл алдында құнды дүниені Қазақстанға жеткіздік. Мен заң бұзған жоқпын және кінәмді толық мойындамаймын. Оны бұған дейін де айтқам, - деді ол.
Сондай-ақ, тағылған айыптардың біреуі де дәлелденбегенін айтып отыр.
Осыдан 2 ай бұрын басталған сот процесі менің ғана емес, басқа да айыптылардың сөздерінің шынайылығын көрсетті. Менің шынайылығымның дәлелі – айыптау актісінің жаңа тұжырымы. Онда прокурор ұрлау, сөз байласу және заңды бұзу фактілері бойынша бірде-бір дәлел келтірмейді. Барлық шақырылған куәгерлер қаржы жымқыру фактісінің болмағанын айтты. Ешқандай заңсыз әрекеттердің жоқтығын сенімді түрде қайталады, - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Еске сала кетейік, өткен жылы мамырда сот санкциясымен сол кездегі Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі музейдің экс-басшысына «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің лауазымды адамдарына және басқа да тұлғаларға бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша айып тағып, тергеп-тексеруді жүргізген еді.