Абай облысында жаңбыр жауды

Ұзақ уақыттан бері орман өрті болып жатқан Абай облысында жаңбыр жауды. Бұған дейін Абай ауданы Озерки ауылында жаңбыр шақыру үшін тасаттық рәсімі өткізілген. Бұл жөнінде Paryz.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Абай облысында жаңбыр жауды
Фото: pixabay

Озерки ауылы "Семей орманы" қорығын шарпыған орман өрті аймағына жақын жерде орналасқан. 

"Тасаттық" – халық жиналып, аптап ыстықта жаңбыр сұрап жаппай дұға оқитын рәсім.

Бұған дейін Абай облысындағы өрттен 14 адамның қаза тапқаны белгілі болса, кейін тағы бір адамның көз жұмғаны анықталды. Осылайша марқұмдардың саны 15 адамға жетті. Елімізде 12 маусым күні Аза тұту күні жарияланды. Тілсіз жаумен күрес әлі де жалғасып жатыр.

Өртеніп жатқан аумақ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің "Семей орманы" мемлекеттік табиғи орман резерватына қарайды. Ресми мәліметке сүйенсек, резерваттың жалпы аумағы  - 654 179 гектар. Өртеніп жатқан аумақ бір-біріне шекаралас – Жаңашүлбі мен Бородулиха филиалдары.