14.06.2023, 09:40

Вайнерлер ісі: Прокурор белгілі вайнерлерді бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

фото: әлеуметтік желіден

Алматыда ASTEX.KZ, Mudarabah Capital қаржы пирамидаларын құру ісі бойынша сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды Paryz.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Сот отырысы онлайн форматта өтті. Оған 12 айыпталушы қатысты. Олар Қылмыстық кодекстің екі бабы: 217-бабы ( 3 – бөлігі, 1 және 2 – тармақшасы) «қаржы пирамидасын құру және басқару» және 262-бабы (1 және 2 бөліктері) - «ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және басқару» бойынша айыпталуда. Прокурор олардың әрқайсысына 6 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа 217-бап ( 3-бөлігі, 2-тармақшасы) бойынша бес жылға бас бостандығынан және жеті жылға бизнеспен айналысу құқығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ, олар жазаны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуі керек екенін айтты.

Тергеу барысында 262-бап (2-бөлік) және 217-бап ( 3-бөлігі, 1-тармақшасы) бойынша вайнерлердің кінәсі дәлелденбеді, сондықтан прокурор олардың айыптарын алып тастауды сұрады.

Жәбірленушілер прокурор сұраған жазаларды әртүрлі қабылдады. Кейбірі қанағаттанса, кейбірі жазаны жеңіл деп санады. Жәбірленушілер сондай-ақ Шыңғыс Құрманғалиевті, Ораз Әділет пен Әзімжан Саидбаевты қылмыстық жауапқа тартуды талап етті.

Соттың жалғасы 14 маусым күні болады.