Петропавлда полицияның екінші бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Руслан Шакиров жасаған сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Paryz.kz Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.
"Петропавл полициясы екінші бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Руслан Шакиров қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде 7 жыл жазасын өтейді, «полиция майоры» арнаулы атағынан айырылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына қол үзді.
Тергеу барысында жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының әкімшілік заңнаманы бұзушылардан жүйелі негізде ақша жинағаны дәлелденді", - делінген хабарламада.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісовтың айтуынша, Руслан Шакиров 2021 жылғы қаңтар мен 2022 жылғы наурыз аралығында тиісті құжатсыз жарнама орналастырған жеке кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін және жалпы қамқорлығы үшін пара ретінде 50 000 теңге мөлшерінде ақшалай қаражат алған.
Сондай-ақ экс-полицей заңсыз сауда фактісіне көз жұма қарағаны үшін кәсіпкерден пара ретінде 193 000 теңге көлемінде ақша алған.
Бұдан бөлек, ақша төлеп, тәртіп сақшысының қамқорында болған екі адам – М.Насимов және Ж.Садуов заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін сотталды.
Олар акциздік немесе есепке алу-бақылау маркаларымен таңбаланатын өнімдерді заңсыз сақтап, сатып келген.
Қызметкерінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін бірқатар жоғары тұрған басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.