Алматы облысында тұрғындардың жарыққа төлеген ақшасын жымқырған қызметкер сотталды

Алматы облысында энергиямен қамтамасыз ету мекемесінің қызметкері төрт жыл бойы ауыл тұрғындарының ақшасын жымқырған, деп хабарлайды Paryz.kz Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысында тұрғындардың жарыққа төлеген ақшасын жымқырған қызметкер сотталды
фото: tengrinews.kz

«Ол 2019 жылдан 2022 жылға дейін, өкілеттігі болмаса да, Алматы облысының Қараой, Қуат және Өтеген батыр ауылдарының тұрғындарына жалған түбіртектер беру арқылы, энергия тұтынғаны үшін төлем алып, түскен ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап келген.

Өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру үшін ол деректер базасына әріптестерінің логиндері мен парольдерін пайдалана отырып, жалған мәліметтер енгізген», - делінген ҚМА хабарламасында.

Сотқа дейінгі тергеу барысында ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті аталған ауылдардың 150-ден астам тұрғынын электр энергиясынан ажыратуға жол бермеуге, сондай-ақ 16  млн теңгеге жуық сомадағы залалды өтеуге шара қолданды. 

«АлматыЭнергоСбыт» ЖШС жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі инженері сотпен алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.