Агенттіктің ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті Hit beat music қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Күдікті жарнамалық шоу-презентацияны өткізу кезінде ұсталды.
Hit beat music (HBM Group) өзін инвестиция саласындағы ақпараттық-талдамалық компания ретінде таныстарып, заңсыз жұмыс істеген. Компания қазақстандықтардың сеніміне кіріп, тұрақты сыйақы алуға кепілдік берген әрі Канададағы музыкалық инвестициялық жобаларға ақша құюды ұсынған, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ HBM Group-тың Қазақстанда заңды тұлғасы, өкілдігі, филиалы, банк шоты болмаған.
Салымшылардың жарнасы кіріс кассалық ордерлерін рәсімдемей, қолма-қол жүргізілген. Қаржы пирамидасына тіркелгендердің саны 2300-ден асады, - деп жазылған хабарламада.
Бүгін Hit beat music қаржы пирамидасын ұйымдастырған күдікті 2 айға қамауға алынды.
ҚМА мен Прокуратура қазақстандықтарды қырағы болуға, ақшаны күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға кеңес береді.