Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығы аталып өтті

Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен көрнекті жазушы, драматург, аудармашы, қоғам қайраткері, майдангер Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына арналған «Рахметолла Райымқұловтың әдеби мұрасы: көркемдік және ұлттық мінез» конференциясы өтті, – деп хабарлайды Paryz.kz.

Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығы аталып өтті
Фото: kazgazeta.kz

ҚазҰУ-дың әл-Фараби кітапханасында өткен шарада Негізгі баяндаманы Қансейіт Әбдезұлы жасап, қаламгердің жүріп өткен өмір жолына, шығармашылығына тоқталды. 

Қоғам қайраткерлері, көзін көрген замандастары сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Дулат Исабеков «Гауһартас» повесі әскерде жүргенде жазылғанын, оған Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Гауһартас» әні себеп болғанын айтты. 

«ХХ ғасырдың І жартысында қоңыр фашизмнен қорлық көрген еврейлер мен қызыл фашизмнен қорлық көрген қазақ халқы жер бетінен жойыл­ып кетудің алдында тұрды. Құдай қазақтың басына екінші рет ондай сұмдық тағдырды салмағай, біздің аға-апаларымыз соны көзбен көрді, сол болмысты кешкен ұрпақ болды. Оның ішінде Рахаң да бар. Олардың кітаптарын қолға алатын болсақ, қаймағы бұзылмаған ғажайып әдеби тілге тап боламыз. Ал бүгінгідей тіліміз сұйылған, өз елінде екінші тілге айналып отырған заманда сол ағаларымыздан қалған мұра бізге үлкен байлық. Біз Рахаңның «Түйелі адам», «Қара жорға», «Болаттың сынығы», «Көкжал» және т.б. көптеген шығармаларын қарап отырып, сол байлыққа кез боламыз. Ендеше, Рахаңның шығармаларына көз салу бізді байытады. Өкінішке қарай, біздің сол ағаларымыз халыққа қиянат жасаған, халықты қынадай қырған, қара шыбындай қырған идеологияға атойлап қарсы шыға алмады, қарсы шықса басы кететіні белгілі жағдай еді.

Бірақ шығармаларында сол идеологияның шеңберінен шықпай отырып-ақ өз көзімен көрген зама­нының бейнесін жасапты. Ол жазушылар бізге осыменен қымбат. Өйткені олардың шығармаларын қарап отырып, біз жалқыменен тілдесеміз, халқымызбенен беттесеміз, сол ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы сұрапыл жылдарға кезігеміз», – деді жазушы Смағұл Елубай. 
Конференция аясында ұйымдастырылған жас әдебиетшілер байқауының да басты мақсаты –  ауылдан шығып, жалаңаяқ Ташкентке оқу іздеп барған әкесі секілді талантты жастарды қолдау екенін жеткізді.

Аталған республикалық байқауға 100-ден аса шығарма түскен екен. Бас жүлдені «Үздік әңгіме» аталымында Абай облысы Ақсуат ауданы Ойшілік ауылының тумасы, Шәкәрім университетінің журналистика факультетінің студенті Азамат Серікұлы, «Үздік танымдық мақала» аталымында Павлодар қаласы №2 Сәбилер бақшасының қазақ тілі пәні мұғалімі Қарлығаш Қашқынбай, «Балаларға арналған үздік әңгімелер» аталымында астаналық Алпамыс Файзолла иеленген. Жеңімпаздар қатарында Нұртілеу Қадырқұлов, Бағжан Болатбеков, Ақбаян Бақтияр да бар. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталды. 

Қаламгердің шығармашылығына арналған «Ғибратты ғұмыр» сериясымен шыққан және балаларға арналған «Сұр көбелек» кітаптарының таныстырылымы өтіп, мағыналы фотокөрме ұйымдастырылып, жазушы тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды.