Ақмола облысында он күннен бері іс-түзсіз жоғалып кеткен азамат іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Шыңғыс Сарыбайұлы Мұстафиннің хабар-ошарсыз жоғалып кеткені туралы өтініш 3 мамырда Целиноград ауданының полиция бөліміне түскен.
«Әкесінің айтуынша, 1 мамырда 29 жастағы ер адам өзінің Сhevrolet Ravon автокөлігімен Зеренді ауданының аумағына кеткен, содан бері оның орналасқан жері белгісіз. Сол күні өтініш тіркеліп, іздеу шаралары ұйымдастырылды. Алғашқы тексеру барысында бейнебақылау камераларының көмегімен полицейлер Шыңғыс Мұстафиннің 2 мамырда Сандықтау ауданының аумағына автокөлікпен келгенін анықтады. Кейіннен көлік құралы Сандықтау ауылында ешқандай механикалық зақымданусыз табылды», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта іздеу шаралары жалғасып жатыр. Хабар-ошарсыз кеткен адам туралы ақпарат және бағдарлар полиция департаментінің барлық аумақтық бөлімшелеріне және көршілес аймақтарға жіберілді. Еріктілер де полиция қызметкерлерімен бірлесіп іздеуге кірісті.
Полицейлер хабар-ошарсыз кеткен Шыңғыс Мұстафиннің орналасқан жері туралы қандай да бір ақпараты бар адамдардан ішкі істер органдарына хабарлауды сұрайды.