Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Серік Күдебаевтың елден қашып кеткеніне полиция кінәлі емес – ІІМ

Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың Қазақстаннан қашып кеткеніне ішкі істер органдары кінәлі емес. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлім етті. 

Серік Күдебаевтың елден қашып кеткеніне полиция кінәлі емес – ІІМ
Коллаж: Azattyq Ruhy

Марат Қожаевтың айтуынша, Күдебаев сот үкімі шыққанша үйқамақта болған, тиісінше, полиция бұндай бұлтартпау шараға жауап бермейді.

«Бұндай жағдайларды шатастырмау керек. Генерал Серік Күдебаев қамауда болған жоқ және полиция бұл жағдайда оның бұлтартпау шарасына жауап бермейді. Оған басқа шара тағайындалған», - деді Марат Қожаев журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Жалпы, сұрақ-жауап бөлімі басталмай тұрып Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте баяндама жасаған Қожаев қамаудан қашып, бірақ ұсталған адамдардың статистикасына тоқталған еді. Серік Күдебаев ісіне қатысты пікір білдіре отырып, ол сол баяндамасындағы мәліметтерді тағы да еске салды.

«Мен өз баяндамамда қамаудан қашқан адамдарға қатысты 11 факті туралы айттым. Шатаспасам, жыл басынан бері бас бостандығынан айыру орындарынан қашу бойынша 3 факті тіркелді. Оның барлығы бір тәулік ішінде табылып, бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды. Генерал Серік Күдебаев қамауда болған жоқ», – деді Марат Қожаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетейік, Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті ретінде танылып, сотқа дейін үйқамақта отырған. Ол бірнеше рет сот отырысына келмеген де еді. Ал, сәуір айының басында елден қашып кеткен оған 3 сәуірде Талдықорға қалалық соты халықаралық іздеу жариялаған. Араға 24 күн салып Күдебаев Түркия елінде қолға түскен. Іле-шала Талдықорған соты оны 10 жылға бас бостандығынан айырды.