Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Екінші дүниежүзілік соғыста қанша қазақcтандық қаза тапты?

Екінші дүниежүзілік соғыста қанша қазақcтандық қаза тапты? Tengrinews редакциясы еліміздің Жеңіске қосқан үлесі туралы әңгімелейді.

Екінші дүниежүзілік соғыста қанша қазақcтандық қаза тапты?
фото: faktiler.kz

Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында одақтық республика (Қазақ КСР) мәртебесінде КСРО құрамында болды. Соғыс басталған кезде біздің елден 178 мыңға жуық адам Қызыл Армия қатарында болды. Олардан бөлек 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылды.

Ресми басылымдар Екінші дүниежүзілік соғыс майданында 600 мыңнан аса қазақстандықтың қаза тапқанын хабарлайды. Яғни, әскерге шақырылғандардың жартысы соғыстан оралмаған. Қаза болғандар - Қазақстан халқының 11,2 пайызы.

Сонымен қатар, соғыс кезінде тылда да көп адам көз жұмды. Мәселен, E-History.kz порталы республиканың бейбіт тұрғындарының тікелей шығыны шамамен 300 мың адам, жанама шығыны 592 038 адам болғанын жазады. "Соғыстың әр жылы үшін орта есеппен 104 445 адам қаза тапты. Өлім-жітімнің жоғары деңгейі халықтың барлық санатының қалыпты өмір сүру жағдайларының ұзаққа созылуымен байланысты болды: тамақтанбау және шаршау, асқазан аурулары, ауыр еңбек жағдайлары, дәрігерлердің майданға жұмылдырылуына байланысты білікті медициналық көмектің болмауы жағдайды қиындата түсті".

Сондай-ақ, бұған дейін "Атамның аманаты" бірлестігінің қоғам қайраткерлері Екінші дүниежүзілік соғыс далаларында шайқасқан 271 мың қазақстандықтың хабарсыз кеткенін хабарлаған болатын. Яғни, жалпы алғанда, соғыс жылдарында Қазақстан миллионнан аса адамнан айырылуы мүмкін.

Ұлыбританияның ресми шығыны 380 000 адам, АҚШ-тың 417 000 адам, Италияның 479 000 адам және Францияның 665 000 адам болған.

КСРО-ның шығыны 26 миллионнан аса адам, ал Германия 8 400 000 адамға дейін жетті.

Еліміздің өкілдері Ұлы Отан соғысының барлық шайқасына қатысты. Қазақстаннан жүз мыңнан аса жауынгер түрлі марапаттарға ие болды, 500-ден аса адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі туралы айтқан болатын. "Әскерді қамтамасыз етуде Қазақстан шешуші роль атқарды. 10 оқтың 9-ы қазақ қорғасынынан құйылды. Майданға 1500 вагон киім-кешек пен азық-түлік жібердік. Яғни, жеңіске қосқан үлесіміз айқын болды", - деді Елбасы "МИР" телеарнасына берген сұхбатында.

"Қазақстаннан шақырылған әрбір екінші сарбаз майданда қаза тапты. Қаза тапқан батырлардың есімі халық жадында мәңгі сақталады. Біздің міндетіміз - мұндай қайғылы оқиғаның қайталанбауы", - деп жазды Тоқаев 2021 жылы.