Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Павлодар облысында ҰҚК, полиция, әкімдік қызметкерлері көлік ұрлап сатқан

Бес бірдей айыпталушы кінәсін мүлде мойындаған жоқ. Тек әкімдік қызметкері ғана істеген ісіне өкінді.

Павлодар облысында ҰҚК, полиция, әкімдік қызметкерлері көлік ұрлап сатқан
фото: ашық дереккөз

Павлодар облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік департаменті мен полиция қызметкері, шенеунік және тағы үш адам қымбат көліктерді ұрлап, сатумен айналысқан, деп хабарлады paryz.kz, қалалық №2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдіктілер "Горкомхоз" РМК айыппұл тұрағындағы жол талғамайтын қымбат екі көлікті жалған құжаттар арқылы шығарып алып, сатылымға қойған.

"2018 жылдың ақпан айында айыпталушылар қитұрқы әрекеттер ойластырып, кейін оларды жүзеге асырды. Павлодар облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкері, криминалдық полиция мен Шарбақты аудандық әкімдігінің өкілдері жоғарыда аталған көліктерді айыппұл тұрағынан шығару құқығын беретін ресми құжаттарды қолдан жасаған. Содан соң алдын ала белгіленген рөлдер бойынша 6 айыпталушының барлығы көліктерді тұрақтан алып, сатылымға шығарған", - деп хабарлады Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.

Жалпы шығын көлемі - 32 млн теңге. Сотқа дейінгі тергеу кезінде қымбат көліктің бірі заңды иесіне қайтарылған.

Прокурор айыпталушылардың барлығын 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыруды сұрады. Бес бірдей айыпталушы кінәсін мүлде мойындаған жоқ. Тек әкімдік қызметкері ғана істеген ісіне өкінді.

Ұлттық қауіпсіздік департаменті мен полиция қызметкерлері, капитан, майор шендерінен айырылып, 6 жылға сотталды. Олардың екі көмекшісі 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Шарбақты аудандық әкімдігінің қызметкері - жесір қалған әйел, кәмелеттік жасқа толмаған екі баланың анасы. Ол кенжесі 14 жасқа толғаннан соң 5 жыл уақытын темір тордың арғы жағында өткізетін болады. Қылмыстық топтың тағы бір мүшесі - 19 жастағы жігіт шартты түрде 5 жылға сотталды.