Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісімге әлі қол қойылған жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
«Соңғы кездері Қазақстан мен Қытай арасында визадан босату туралы келісімге қарсы ой-пікірлер өрбіп жатыр. Ол келісімге әлі қол қойылмады. Қытай азаматтары өткен жылдың жазынан бастап 14 күнге визасыз келе алады. Енді 14 күнге келетін азаматтар, 30 күнге күнге келе алады. Бұл-бір. Қазақстанның азаматтары тура сол сияқты Қытайда визасыз 30 күн бола алады. Бұл келісімге қол қойылған жағдайда жүзеге асады. Бұл туристік немесе іскерлік сапар ғана бола алады. Екі тараптың азаматтары да жұмыс істей алмайды. Бұл режимді бұзатын болса, олар жазаланады», - деді Смадияров.
Оның айтуынша, шекарадағы жүк көліктері де визасыз кіре алады.
«Сауда-саттық артады. Ынтымақтастық артады. Қытайдың экономикасы алпауыт екенін білесіздер. Бұл Қытай тарапының келісімі бойынша Орталық Азияда мүмкіндік берілген жалғыз ел. Келісімге қол мамыр айында қойылады. Кейін ол өз күшіне енеді»,- деді ол.